Бурабай ауданының «Жанажол» ескерткішіне жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстары
Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ түрлі жер пайдаланушыларға бөлінген жер учаскелеріндегі тарихи ескерткіштердің бар-жоғын анықтау үшін алдын ала жұмыстар жүргізеді.
Сол сияқты Бурабай ауданының Құмдыкөл (Златополье) ауылының аумағындағы «РегионДорСтрой» ЖШС-не бөлінген жер участкелеріне зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында ерте темір дәуірі мен ортағасырлық кезеңдерге қатысты «Құмдыкөл» (Златополье ауылы) және «Жанажол» археологиялық ескерткіштері анықталды.
Сонымен қатар, барлау жұмыстары барысында, жергілікті жидек теріп жүрген ауыл тұрғындарымен сұхбаттасу барысында Жанажол ауылы маңындағы орманның ішінде орналасқан қорғанның орнын көрсетті. Табылған орнын зерттеу барысында суырдың інінен көтерме материалдар ретінде жебенің ұштары алынды.
Осындай көне археологиялық қорғандар анықталған кезде «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-нің жарғысына сәйкес археологиялық қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізу қажет етеді.
Жер астындағы жасырынған өзге де құнды жәдігерлердің табиғи және антропогендік факторлардың әсерінен жойылу қауіпі төніп тұрғандықтан, Бурабай ауданындағы «Жанажол» қорғанына археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Зерттеу барысында қорғанның жерлеу шұңқырынан ерте темір дәуіріне қатысты – сақ жауынгері анықталды. Адаммен бірге жерленген бірнеше жәдігерлер табылды, олардың ішінде: жылқы малының ауыздығы мен жүгеннің әшекей бұйымдары (құстың басы мен Күн құдайының белгісі бар дөңгелек жапсырмалар), қанжар-пышақ, тас қайрақ, 10 дана сақ-скифтік үлгідегі жебенің ұштары және қысқа қылыш-акинак табылды.
Табылған жәдігерлер зерттеліп болған соң, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларынан орын тауып, музей қорларын толықтырады.
Құрылған күні: 25.08.2022 14:27
Жаңартылған күні: 25.08.2022 14:27
Қаралым саны: 591