Ақмола облысының Бұланды ауданында мамонттың сүйегі табылды
Новобратск ауылдық округінде, Буденновка ауылының маңында, Аршалы өзенінің жағасында мамонттың сүйегі табылды. Осы ауылдың жергілікті тұрғыны Валерий Владимирович Дубовик кездейсоқ олжаны тауып алған соң, тиісті органдарға хабарлады.
Тауып алған мамонт сүйегі туралы ақпарат Ақмола облысының мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» МКМ-не келіп түсті. Аталмыш мекеменің мақсаты мен міндеттері тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін есепке алу, қорғау, консервациялау, қалпына келтіру, насихаттау және пайдалану жұмыстарын үйлестіру болып саналады. Мекеме тарапынан толықтай жауап беріліп, сүйек табылған жерге тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры С. Б. Искаков барды.
Еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға, COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына және карантиндік режимнің енгізілуіне, түрлі іс-шараларды өткізуге тыйым салынуына байланысты, Орталық табылған мамонт сүйегін одан әрі терең зерттеуге Қазақстан Ұлттық музейінің ғалымдарын шақыра отырып, осы жерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 2021 жылғы жоспарға енгізу міндетін алға қойып отыр.
2020 жылдың 24 тамызында тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының маманы Р.Р. Ержанов мамонт сүйегі табылған жерге жіберіліп, БАҚ, «Хабар» агенттігінің тілшісі Дамир Шайдаров, тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкерлері шақырылды.
Кездейсоқ олжа ғалымдар мен зерттеушілерге, ғылыми-зерттеу процесінде қызықты болып, жануарлардың тіршілік ету ортасын кешенді зерттеуге мүмкік береді деп сенеміз. Еске сала өтсек, осыған дейін алып жануарлар сүйектері Зеренді, Шортанды, Жақсы, Целиноград аудандарында табылған болатын.
Қазіргі таңда, мамонт сүйегі дәйекті әрі егжей-тегжейлі зерттеу үшін Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылды.
Құрылған күні: 11.09.2020 9:19
Жаңартылған күні: 11.09.2020 9:19
Қаралым саны: 1152