ҚР Конституция күніне орай «Ата Заң –Тәуелсіздік тірегі» атты экскурсия
2019 жылдың 23 тамыз күні Ақмола облысы мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» Ақмола облыстық сотымен бірлесе отырып, облыстық сот музейінде ҚР ІІМ ТЖК Көкшетау техникалық институтының бірінші курс курсанттарына арналған «Ата Заң –Тәуелсіздік тірегі» атты экскурсия өткізілді.
Қазақстан Конституциясы, демократияның ең жақсы идеяларын қамти келе, адам құқықтары мен бостандықтарын алға қойды. Демократиялық мемлекет ретінде Қазақстан бүгінгі күні өзін құқықтық һәм әлеуметтік мемлекет ретінде де көрсете білді.
Қазақстандағы конституционализм идеясының тарихы тереңде жатыр. Кез келген мемлекеттің қалыптасуы – көптеген онжылдықтарды, тіпті жүздеген жылды қамтитын үдеріс. Қазақ мемлекеттілігінің көп ғасырлық тарихы бар. Оның қалыптасқан көне көшпелі және жартылай көшпелі мәдениеті халықтың салт-дәстүрлер өмірінің негізі болып қаланды. Тарих сахнасында қазақ мемлекетінің пайда болуынан кейін конституционализм идеясының қалыптасуында XV–XVIII ғасырлардағы «Қасым ханнын қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» маңызды рөл атқарса, алғашқы кодификациялық санаттағы заң жинағы – «Жеті жарғы» деп танылған конституциялық құжаты қалыптасып шықты. Онда мәдениет, өмір салты, халықтың этникалық өмірі, мемлекеттің орналасуының географиялық ерекшелігі және халық бірлігінің қағидалары ескерілді. XVII ғасырда бүкіл қазақ қоғамның «Жеті жарғы» нормаларын мойындалуымен қазақ қоғамындағы құқықтық қарым-қатынастарды реттейтін бастама конституция қабылданды. «Жеті жарғы» заңдарының жинағы әкімшілік, қылмыстық және азаматтық бөлімдерден тұрды.
Қазақтың атақты үш биінің есімдері – Төле би Әлібекұлы, Қазыбек Келдібекұлы және Әйтеке Байбекұлы – олардың мемлекеттік және қоғамдық қызметінің маңыздылығы тұрғысынан, шешендік өнерінің және поэтикалық шеберлігінің күші жағынан халықтың жадында мәңгілік сақталып қалды және тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге одан тыс жерлерде де танылғанына да тоқталмай кетуге болмас. Ата заңымызға қатысты осындай терең тарихы жайлы Орталықтың инспекторы Қожаназарова Ғалия Назарқызы таныстырды.
Әсіресе, музеймен таныстырған Ақмола облыстық соты ардагерлері кеңесінің төрағасы, құрметті сот төрешісі Ғибадилов Мейрам Мырзахметұлының XVII-XVIII ғғ. Ақмола өңірінен шыққан Қанай би Құттымбетұлы, Әлдебек би Сатайұлы, Саққұлақ би Бапанұлы, Етекбай би Түркебайұлы сияқты билердің қара қылды қақ жарып, айтқан төрелігінің тарихы жайлы көңілден шықты.
Іс-шараны ұйымдастырудағы мақсат – Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң - мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуының нақты кепілі. Соның негізінде жас ұрпақтардың заңды білу заман талабы екендігін ұғындыра отырып, тәуелсіздіктің тірегі Атазаңды құрметтеуге тәрбиелеу.
Құрылған күні: 23.08.2019 14:54
Жаңартылған күні: 26.08.2019 10:32
Қаралым саны: 1654