Сандықтау ауданының Балкашино ауылының маңында, Сандықтау ауданының Төтенше жағдай қызметкерлері оқу-жаттығу кезінде «Тастағы адамның бедерлі бейнесі» тарихи-мәдени мұра объектісін анықтады
Бүгінгі таңда Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ мамандары мен Л.Н. Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университетінің ғалым археологы Данияр Тілеуғабылов аталған тарихи-мәдени мұра нысанын зерттеді. Сондай-ақ, зерттеуге Италиядан келген профессор, археолог Джан Лука Бонора да қатысты.
Тастағы адамның бедерлі бейнесі болжам бойынша түркі кезеңіне жататын діни жораларды өткізуге арналған ғибадат орны болып табылады.
Бет-әлпеті түркі бейнелеу өнеріне тән. Ескерткішке толық ғылыми зерттеу өткізгеннен кейін қай кезеңге жататыны туралы қорытынды жасалады.
2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 288-VІ ҚРЗ «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4 бабының 1 тармағына сәйкес, анықталған тарихи-мәдени мұра объектілерін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары алдын-ала есепке алу тізіміне енгізеді және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалуға жатады.
Анықталған тарихи-мәдени мұра объектісінде келесі ғылыми-зерттеу жұмыстары жоспарлануда:
- архивтік құжаттарды, анықтамаларды, есептерді және басқа да деректерді зерделеу;
- жергілікті тұрғындардың, өлкетанушылардың, музей қызметкерлерінің сөзінен ауызша ақпарат жинау;
- тарихи-мәдени мұра объектісінде зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру:
археологиялық фиксация: фотофиксация, 3D модель жасау, топографиялық түсіру;
тарихи-мәдени мұра объектісінің айналасындағы аумақты геосканерлеу.
- ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындылары бойынша қорытынды жасау;
- есепке алу құжаттамасын жасау: паспорт, есепке алу карточкасы.
Сондай-ақ, қыркүйек айында Сандықтау ауданының аумағында тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін анықтау мақсатында барлау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Құрылған күні: 18.07.2024 22:12
Жаңартылған күні: 18.07.2024 22:12
Қаралым саны: 1516