Ақ Еділ қажы мазары
Киелі обьекті
XIX ғасырдың соңы
Қорғалжын ауданы, Жұмай а. оңтүстік-шығысына қарай 4,5 км
Географиялық координаттары: 50.685500, 69.827583
Ақ Еділ қажы мазары – Ақмола облысы Қорғалжын ауданының Жұмай ауылы маңында орналасқан XIX ғасырдың діни және сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Ол Орталық Қазақстан аумағында ислам дінінің таралуымен байланысты дәстүрлі қазақ мемориалдық сәулет өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі әрі тарихи-мәдени маңызды мәдени мұра ескерткіші болып табылады.
Ақ Еділ қажы қазақ даласында ислам дінін насихаттаған белгілі дін қайраткері әрі ағартушы болған. Қожа әулетінің өкілдері ғасырлар бойы Орта Азия мен Қазақстан аумағында ислам мәдениеті мен діни білімнің таралуына маңызды рөл атқарды. Әмір Темір дәуірінен кейін олардың бір бөлігі қазақ даласына қоныс аударып, жергілікті халық арасында ислам қағидаларын кеңінен дәріптеді. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Қожа әулетінің өкілдері молдалық қызмет атқарып, діни уағыз жүргізді, балаларға діни сауат ашуды үйретті, неке қию, жаназа шығару рәсімдерін өткізді, сондай-ақ рухани тәлімгерлік пен халық емшілігімен айналысты.
Осындай ағартушылардың бірі – Ақ Еділ қажы. Ол діни қызметімен қатар, дәулетті мұсылмандардан алынатын міндетті қайырымдылық салығы – зекетті жинап, оны қоғамдық игілікке жұмсаған. Жиналған қаражатқа ауылдарда медреселер ашып, қарапайым халықтың балаларын оқытып, олардың сауатын ашуға және діни білім алуына жағдай жасады. Сонымен қатар мұқтаж жандарға, жол үстіндегі жолаушыларға және қажылық сапарына аттанған адамдарға материалдық көмек көрсеткен. Ақ Еділ қажы дүниеден өткеннен кейін, халық асар әдісімен оның жерленген жеріне мазар тұрғызды. Бүгінде де бұл жерге келген жолаушылар қасиетті орынға келіп, Ақ Еділ қажының рухына құран бағыштап, дұға оқу үшін арнайы тоқтайды.
Мазар дәстүрлі қазақ мемориалдық сәулет өнерінің өзіндік ерекшелігі бар көрнекті үлгісі болып табылады. Жоспарлық шешімі мен сыртқы келбеті жағынан ол қазақтың дәстүрлі баспанасы – киіз үйді еске түсіретін жарты шар тәрізді дөңгелек пішінде салынған. Мұндай сәулеттік шешім көшпелі халықтың дүниетанымын және адам мен табиғаттың үйлесімділігін бейнелейді. Киіз үй сияқты мазардың ішкі кеңістігі де тұйық әрі тұтас композициялық құрылымымен ерекшеленеді.
Мазар жергілікті табиғи материалдардан дәстүрлі тәсілмен дайындалған шикі кірпіштен тұрғызылған. Шағын порталы жоғары қарай сәл тарылатын төртбұрышты пішінде жасалып, ғимараттың жалпы композициясымен үйлесім тапқан. Ескерткіштің көркемдік келбетін кірпіштің ұзын қырымен және қысқа қырымен қалау тәсілдері арқылы орындалып, шырша тәрізді өрнекті композиция қалыптастырған Мұндай декоративтік-құрылымдық шешім мазардың цилиндрлік-дөңгелек көлемін айқындап, XIX ғасырдағы Орталық Қазақстан аумағындағы дәстүрлі құрылыс өнеріне тән ерекшеліктердің бірі болып саналады.
Уақыттың табиғи әсеріне қарамастан, мазар өзінің негізгі сәулеттік ерекшеліктерін сақтап қалған және қазақ даласының дәстүрлі құрылыс технологиялары мен мемориалдық сәулет өнерін зерттеу үшін маңызды ескерткіш болып табылады. Ескерткіш бірнеше рет сәулет және реставрация саласының мамандары тарапынан зерттеліп, оның тарихи әрі көркемдік құндылығы жоғары екендігі атап көрсетілген.
Қазіргі уақытта Ақ Еділ қажы мазарыАқмола облысының тарихы мен сәулет өнерінің құнды ескерткіштерінің бірі және өңірдің тарихи-мәдени мұрасы нысандарының құрамына кіреді. Ол көрнекті діни ағартушының есімін, исламдық білім беру мен қайырымдылық дәстүрлерін сақтай отырып, XIX ғасырдағы дәстүрлі қазақ діни сәулет өнерінің құнды үлгісі болып табылады.









