Сүйіндік Олжабай батырдың тарихи-мемориалдық кешені
Киелі обьекті
Ерейментау ауданы, Олжабай батыр ауылы
Географиялық координаттары: 51.31472, 72.78507
Олжабай батыр (1709–1785) Орта жүздің арғын руынан шыққан, қазіргі Ақмола облысы аумағында дүниеге келген. Оның арғы атасы Айдабол белгілі би болған, ал әкесі Төлебай жоңғар шапқыншылығы жылдарында қаза тапқан. Олжабай 13 жасында нағашы атасы Қаратай батырдың тәрбиесінде болып, сол жерде оның жауынгерлік рухы мен батырлық қасиеттеріқалыптаса бастады.
Олжабайдың ерлігі туралы мәліметтер орыс зерттеушілерінің еңбектерінде, сондай-ақ қазақ халқының аңыз-әңгімелерінде, дастандарында және халық жырларында кездеседі. Бұл деректерде ол ел қорғаған батыр, жоңғар басқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің белсенді қатысушысы ретінде сипатталады.
Олжабай батыр күшті орталықтанған билікті қолдап, Абылай ханның саясатын жақтаған. Оның есімі Орта жүз жауынгерлерінің ұранына айналған.
Қазақ-жоңғар соғыстары кезінде Олжабай батыр дарынды қолбасшы және халық жасағының жетекшілерінің бірі ретінде танылды. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталған ауыр кезеңде (1723–1727) ол жоңғарларға қарсы ұйымдасқан қарсылыққа қатысып, Абылай ханның Жоңғар ханы Қалдан Сереннің шабуылдарына қарсы күресу үшін жинаған батырларының қатарында болды.Халық аңыздары бойынша, Олжабай қазақ әскерінің бір бөлімін басқарып, ірі шайқастарға қатысқан, сондай-ақ 1735 жылы Түркістан мен Ташкент қалаларын жоңғарлардан азат етуге атсалысқан.
Олжабай батыр өмірбаянындағы аса маңызды кезеңдердің бірі – Абылай ханды жоңғар тұтқынынан босатуға қатысуы болды. 1740-жылдары Абылай хан жоңғарлардың қолына түскен кезде, Олжабай батыр басқа да атақты батырлармен бірге оны қайтаруға бағытталған әскери және дипломатиялық әрекеттерді ұйымдастыруға атсалысты. Халық аңыздарында оның тек жоңғарларға қарсы жорықтарға қатысып қана қоймай, жаудың одан әрі шабуыл жасау жоспарларын бұзуға белсенді үлес қосқаны, соның нәтижесінде ханның азат етілуіне және қазақтардың даладағы саяси жағдайының нығаюына ықпал еткені баяндалады.
Олжабай Түркістан медресесінде білім алып, араб және қалмақ тілдерін меңгерген. Бұл оған тек әскери істерде ғана емес, дипломатиялық міндеттерді атқаруда да мүмкіндік берген. Оның қызметі XVIII ғасырдағы қазақ батырларына тән маңызды ерекшелікті көрсетеді: олар тек ержүрек жауынгер ғана емес, сонымен қатар саяси және дипломатиялық үдерістерге қатысқан тұлғалар болған.
Академик Әлкей Марғұланның еңбектерінде 1762 жылы Олжабай батыр өзінің немере ағасы Едіге бимен бірге Ресей императрицасы ІІ Екатеринаға хат жолдағаны атап көрсетіледі. Бұл хатта қазақ старшындары Ертістің шығысындағы жайылымдық жерлерді пайдалануға рұқсат сұраған.Бұл өтініштің басты себебі – жоңғар соғыстарының зардаптары мен күрделі әскери-саяси жағдай салдарынан Орта жүз руларының жайылым тапшылығына ұшырауы еді. Хат дипломатиялық сипатта болып, Ресей империясымен қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ шекаралық аймақтардағы қазақтардың көшіп-қонуын заңдастыруға бағытталды. Бұл арқылы қазақ руларының Ресей әскери гарнизондары мен қоныстанушыларымен болатын ықтимал қақтығыстардың алдын алу көзделді.
Осылайша, Олжабай батыр жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлт-азаттық күрестің қаһарманы ғана емес, XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының сыртқы саясаты мен шаруашылық мәселелерін шешуге қатысқан көрнекті саяси қайраткер ретінде де танылды.
Батырдың ұрпақтары туралы зерттеулерде атақты ақын әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің есімі де аталады. Деректер бойынша, оған ұлы бабасының құрметіне Олжас есімі берілген. Олжабайдың әкесі Төлебай би Тәуке ханның тұсында қызмет атқарып, Түркістанды қорғау жолындағы қалмақтармен болған шайқаста қаза тапқан.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәліметтері бойынша, Олжабай батыр Жасыбай батырмен бірге Баянауыл тауларын жаудан азат еткен. Осы ерлігі үшін халық оны «Орта жүздің ұраны болған Олжабай» деп дәріптеген.
Олжабай батырдың өмір сүрген кезеңі қазақ халқы тарихындағы ең ауыр дәуірлердің бірі – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдарымен тұспа-тұс келді. Ол жастайынан қолына қару алып, туған жері мен елінің азаттығын қорғауға өмірін арнады.
Оның даңқын асқақтатқан оқиғалардың бірі – Баянауыл тауының етегіндегі шайқас. Олжабай батыр өзінің жиені Жасыбай батырмен бірге жауға қарсы тұзақ ұйымдастырған. Жасыбай Шойынкөл асуында, ал Олжабай Торайғыр көлі маңындағы асуда орналасады. Алайда жау тосқауылды айналып өтіп, Жасыбай жасағына тұтқиылдан шабуыл жасап, сол шайқаста Жасыбай батыр ерлікпен қаза табады.
Бұл хабарды естіген Олжабай батыр дереу жауға қарсы шабуылға шығып, қарсыластарын қоршауға алып, тас-талқан етеді. Оның қаһары мен ерлігіне тәнті болған серігі Төртуыл Баймұрат батыр: «Енді тоқта, саған қарсы тұрар ешкім қалған жоқ», – деген екен. Сонда Олжабай: «Мен Жасыбайдың бір саусағының да кегін толық қайтара алған жоқпын», – деп жауап беріп, шайқасты жалғастырған. Халық естелігінде сақталған осы оқиғадан кейін асу мен көлге Жасыбай батырдың есімі берілген деген аңыз тараған.
Абылай хан өзінің сенімді серігі Олжабай батырды ерекше құрметтеп, оны шайқастағы қайсарлығы мен жеңілмес ерлігін дәріптеп «Ер Олжабай» деп атаған. Тілдерді жетік меңгеруінің арқасында Олжабай батыр әскери жорықтармен қатар дипломатиялық келіссөздерге де қатысып, оның ішінде Абылай ханды жоңғар тұтқынынан босату ісіне де үлес қосқан.
Батырдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында оның болжамды жерленген орны ромб тәрізді ұлттық өрнекпен безендірілген металл қоршаумен қоршалып, оған «Олжабай батыр» деген жазу орнатылған. Кесененің алдында үш сатылы тұғыр үстіне ескерткіш белгі қойылған. Оның сол жағында арғын руының таңбасы бейнеленіп, «Олжабай батыр Төлебайұлы (1709–1785)» деген жазу кириллица және латын әліпбиімен жазылған. Оң жағында «OLJABAI BATYR» деген жазуы бар қалқан бейнесіндегі сәндік элемент орналасқан.
Кешеннің артқы бөлігінде қызыл және жасыл граниттен жасалған дәстүрлі қару-жарақ түрлері – айбалта, қылыш, найза, шоқпар және садақ пен жебе бейнеленген шағын сәулеттік композициялар орнатылған. Бұл қарулардың таңдалуы кездейсоқ емес. Айбалта – күш пен қуатты, қылыш – жақын шайқастағы ерлік пен ар-намысты, найза – табандылық пен батылдықты, шоқпар – мызғымас ерік-жігерді, ал садақ пен жебе – мергендік, көрегендік және әскери стратегиялық ойлауды білдіреді. Осылайша, мемориалдық композиция Олжабай батырдың жауынгерлік жолын ғана емес, сондай-ақ дала қорғанының жинақталған бейнесін де айшықтайды. Мемориалдық кешен 2021 жылы батыр ұрпақтарының бастамасымен, 2017 жылы құрылған «Олжабай батыр» қорының қолдауымен салынды. Жобаның авторы – Бота Машрапов.
2005 жылы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Олжабай батырға арналған халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференция материалдарының негізінде Мақсат Алпысбестің редакциясымен ғылыми жинақ жарық көрді.
Кейіннен «Олжабай батыр» қоғамдық қоры академик Әлкей Марғұланның еңбектері негізінде арнайы кітап басып шығарды. Оның тұсаукесері ғылыми және мәдени қауым өкілдерінің қатысуымен Торайғыров университетінде өткізілді.
Олжабай батыр халық естелігінде ерліктің, әділдіктің және туған жерге адалдықтың символы ретінде сақталып келеді. Оның өнегелі өмір жолы мен қаһармандық ерліктері бүгінгі ұрпаққа рухани мұра болып, елге қызмет етудің жарқын үлгісі ретінде бағаланады.









