«Құмай» түркі археологиялық-этнографиялық кешені

«Құмай» түркі археологиялық-этнографиялық кешені



Киелі обьекті

Ерейментау ауданы, Бұйратау ұлттық паркінің аумағында

Географиялық координаттары: 51. 677750, 72. 728139

 

Құмай археологиялық-этнографиялық кешені - Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасының аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Ол Астана қаласынан шығысқа қарай шамамен 120 шақырым жерде, Ақмола облысының Ерейментау ауданында орналасқан. Кешен қола дәуірінен бастап ерте темір дәуірі мен ортағасыр кезеңіне дейінгі әртүрлі тарихи дәуірлерге жататын археологиялық обьектілердің бірегей шоғырын құрайды. Ескерткіштердің  шоғырлануы және жақсы сақталуы арқасында бұл аумақты Еуразия далалық өркениетінің мыңжылдық тарихын бейнелейтін өзіндік «археологиялық парк» ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.

Кешеннің айрықша құндылығын Батыс Түрік қағанаты дәуіріне (VI–VIII ғғ.) жататын түркі кезеңінің ескерткіштері құрайды. Құмай аңғары аумағында ғұрыптық-мемориалдық құрылыстар, тас мүсіндер (балбалдар), қорғандар, құрбандық орындары, ғибадаттық қоршаулар, көне киелі орындар мен ас беру кешендерінің қалдықтары анықталған. Көптеген тас мүсіндердің бастапқы орнында сақталуы — мұндай ескерткіштер үшін сирек кездесетін құбылыс болып табылады. Мүсіндер ежелгі түркі дәстүріне сай жасалып, жауынгерлердің, қолбасшылардың, билеушілер мен ақсүйек өкілдерінің бейнелерін айқын портреттік сипатта көрсетеді.

Кешеннің ең танымал нысандарының бірі — биіктігі екі метрден асатын «бұғытас» деп аталатын ірі мемориалдық ескерткіш. Мұндай ескерткіштер көне көшпелілердің сакралды түсініктерімен байланыстырылады және көрнекті билеушілерге, қолбасшыларға немесе ру ата-бабаларына арналған. Кейбір тас құрылыстар мен ғұрыптық қоршаулардан рулық таңбалар — ежелгі тайпалық меншік пен тиесілікті білдіретін белгілер табылған. Оларды зерттеу Орталық Қазақстандағы ежелгі түркі тайпаларының Алтай, Моңғолия және Орталық Азия өңірлерімен мәдени әрі этносаяси байланыстарын анықтауға мүмкіндік берді.

Кешенді зерттеуде ежелгі түркілердің жерлеу және еске алу ғұрыптарына қатысты материалдар маңызды орын алады. Археологиялық деректер мемориалдық қоршаулар тұрғызу, тас мүсіндер орнату, құрбандық орындарын жасау және марқұмды о дүниеге шығарып салуды немесе жеңілген жаулардың санын білдіретін балбал тізбектерін қою сияқты күрделі рәсімдердің болғанын көрсетеді. Мұндай кешендер тек жерлеу орны ғана емес, сонымен қатар еске алу рәсімдері, құрбандық шалу және ата-баба рухына тағзым ету ғұрыптары өткізілетін ұжымдық тарихи жады кеңістігі қызметін атқарған.

Зерттеушілердің пікірінше, Құмай аңғарындағы түркі мемориалдық құрылыстарының сәулеттік композициясы ерте ортағасырлық дала мәдениетінің дәстүрлеріне сәйкес келетінін атап өтеді. Ғұрыптық қоршаулар, әдетте, дүниенің төрт тарабына бағытталып салынса, тас мүсіндер шығыс жағына орнатылған. Бұл күнге табыну, қайта жаңғыру жәнемәңгілік өмір туралы түсініктермен байланысты болған. Қоршаулардың ішінен археологтар ошақ орындарын, қыш ыдыс (керамика) сынықтарын, құрбандыққа шалынған жануарлардың сүйектерін, қару-жарақ заттары мен ат әбзелдерінің бөлшектерін тапқан. Бұл жерлеу-еске алу ғұрыптарының өткізілгенін дәлелдейді.

Археологиялық зерттеулер Кумай аңғары аумағының бірнеше мыңжылдық бойы киелі әрі мемориалдық орталық ретінде пайдаланылғанын көрсетті. Ең ерте ескерткіштер андронов мәдениетімен байланысты қола дәуіріне жатады. Олар жерлеу құрылыстарын, тасқалауларды, қыш ыдыстар мен шаруашылық қызметтің іздерін қалдырған. Кейін бұл аумақты сақ және ғұн тайпалары кеңіненпайдаланған, ал ерте ортағасыр кезеңінде ежелгі түркілердің маңызды ғибадаттық орталықтарының біріне айналған. Осылайша, Құмай — әртүрлі халықтар мен дәуірлер үшін қасиетті орындардың маңызын сақтап қалған мәдени сабақтастықтың сирек үлгісі болып табылады.

Кешенді зерттеуге қазақстандық археолог Марал Хабдуллина зор үлес қосты. Көпжылдық зерттеулер барысында ол және археологиялық экспедиция қатысушылары ежелгі түркі дәуіріне жататын көптеген ескерткіштерді анықтап, ғұрыптық-мемориалдық сәулет ерекшеліктерін зерттелді және тас мүсін өнерінің бірегей үлгілері тіркелді. Марал Хабдуллинаның зерттеулері Құмай аңғарындағыкиелі нысандардың жоғары шоғырлануын анықтап, оны Орталық Қазақстандағы ежелгі түркі мәдениетінің маңызды орталықтарының бірі ретінде бағалауға мүмкіндік берді.

Кешенді археологиялық зерттеулер жүргізілгеннен кейін Марал Хабдуллина Құмай аңғарының ескерткіштеріне арналған ғылыми еңбек жариялады. Зерттеуші өз еңбегінде көпжылдық далалық жұмыстардың нәтижелерін жүйелеп, мемориалдық кешендердің сәулеттік ерекшеліктерін, тас мүсіндердің типологиясын, ғұрыптық құрылыстардың құрылымын және ежелгі түркілердің жерлеу-еске алу ғұрыптарының өзіндік ерекшеліктерін сипаттады. Басылымда Құмай аңғарының киелікеңістігін талдауға, мәдени дәстүрлер сабақтастығы мәселелеріне және кешеннің түркі өркениеті тарихындағы рөліне ерекше назар аударылған.

Марал Хабдуллинаның кітабы Қазақстандағы ежелгі түркі ескерткіштерін зерттеудегі маңызды ғылыми дереккөздердің біріне айналды. Онда археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері, нысандардың орналасу сызбалары, тас мүсіндердің фотосуреттері, ғұрыптық кешендердің реконструкциялары және табылған артефактілердің ғылыми түсіндірмелері берілген. Зерттеуші балбалдардың символикасын, рулық таңбалардың маңызын және ата-баба ғұрыпымен байланысты еске алу рәсімдерінің ерекшеліктерін жан-жақты қарастырады. Кітап материалдары ежелгі көшпелілердің рухани мәдениеті туралы түсініктерді кеңейтіп, түркі халықтарының мемориалдық дәстүрінің жоғары деңгейде дамығанын дәлелдеді.

Зерттеулер барысында қыш (керамика) бұйымдарының сынықтары, қару-жарақ заттары, ат әбзелдерінің бөлшектері, құрбандық кешендерінің және ғибадаттық құрылыстардың қалдықтары табылды. Әсіресе киім, қару және әшекей элементтері егжей-тегжейлі бейнеленген жақсы сақталған тас мүсіндер ерекше қызығушылық тудырды. Бұл олжаларды талдау ежелгі түркілердің материалдық мәдениетінің, әлеуметтік құрылымының және дүниетанымының жекелеген қырларын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді.

Зерттеулер сондай-ақ Кумай аңғары ескерткіштерінің табиғи ортамен тығыз байланысқан біртұтас киеліландшафт құрайтынын көрсетті. Нысандардың өзен аңғары бойында, қыраттар мен су көздеріне жақын орналасуы табиғи факторлардың ежелгі көшпелілердің діни түсініктерінде маңызды рөл атқарғанын айғақтайды. Құмай, Ершоры, Жаушоқы, Қосбатыр, Әулиебұлақ сияқты микротопонимдер аумақтың киелілігі туралы көне түсініктерді бейнелеп, халықтың тарихи жадын сақтап келеді.

Қазақстандағы түркі дәуірінің ескерткіштерін зерттеуге Әлкей Марғұлан, Карл Байпақов, Зейнолла Самашев және басқа да ғалымдар елеулі үлес қосты. Ғылыми экспедициялар барысында археологиялық қазба жұмыстары, топографиялық түсірілімдер, фотоқұжаттау, тас мүсіндерді реставрациялау және ескерткіштерді каталогтау жұмыстары жүргізілді. Алынған материалдар Орталық Азиядағы ежелгі түркілердің рухани мәдениеті, жерлеу-еске алу дәстүрлері мен тарихи дамуы туралы түсініктерді едәуір толықтырды.

Бүгінде Құмай кешені тек маңызды ғылыми нысан ғана емес, сонымен қатар түркі халықтарының тарихи жадын сақтайтын маңызды орталық ретінде қарастырылады. Құмай аңғарының ескерткіштері қола дәуірінен, сақтар мен ғұндар мәдениетінен бастап түркі-оғыздар кезеңі мен ортағасырлық көшпелі мемлекеттер дәуіріне дейінгі төрт мың жылдан астам уақыт бойғы Еуразия даласы халықтарының үздіксіз мәдени дамуының бірегей куәсі болып табылады. Кешен түркі өркениетінің қалыптасу үдерістерін, көшпелілердің рухани мәдениетін және Орталық Азия халықтарының тарихи байланыстарын зерттеуде ерекше ғылыми және тарихи маңызға ие.