Ботағай (Бытығай) кесенесі
Киелі объекті
XI–XII ғасырлар
Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Қорғалжын ауылынан шығысқа қарай шамамен 2 км жерде
Географиялық координаттары: 50.607670, 70.047760
Ботағай (Бытығай, Татағай) кесенесі – XI–XII ғасырларға жататын ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіші. Күйдірілген кірпіштен салынған портал-күмбезді кесене Қазақстандағы ортағасырлық мемориалдық сәулет өнерінің көрнекті үлгілерінің бірі болып саналады. Ол Ақмола облысы Қорғалжын ауданында, Нұра өзенінің сол жағалауында орналасқан.
Ботағай атауы тарихи деректерде XVII ғасырдың соңынан бастап кездеседі. 1694 жылы Тәуке ханға келген Ресей елшілері Федор Скибин мен Матвей Трошин өз жазбаларында Ботағай қаласын атап өтіп, оны Ресей картасына енгізген. Олар құрастырған «Қазақ ордасы» картасында Ботағай қаласы Қорғалжын көлі мен Нұра өзенінің аралығында орналасқан маңызды қоныс ретінде көрсетілген. Орта ғасырларда бұл өңір арқылы Ұлы Жібек жолының солтүстік тармақтарына жалғасқан керуен жолдары өткен.
XVIII–XIX ғасырларда Ботағай туралы көптеген саяхатшылар мен зерттеушілер құнды мәліметтер қалдырған. 1762 жылы жарық көрген еңбегінде белгілі зерттеуші Пётр Рычков Бытығайды бұрынғы ірі қаланың орны ретінде сипаттап, мұнда сарайға ұқсас үлкен құрылыстардың, мешіттің және тас ғимараттардың қирандылары сақталғанын жазған. Оның мәліметтері Ботағайдың кезінде өңірдегі ірі мәдени және сауда орталықтарының бірі болғанын аңғартады.
1816 жылы тау-кен инженері Иван Шангин кесенені зерттеп, оның жоспары мен сәулеттік ерекшеліктерін қағазға түсіріп, алғашқы ғылыми сипаттамасын жасады. Ал 1825 жылы алқалық кеңесші Демидов бұл өңірде көне қала орны мен егіншілік мәдениетінің іздері сақталғанын атап өтіп, мұнда жоғары мәдениетті, отырықшы халық өмір сүргені жөнінде пікір білдірген.
1862 жылы қазақтың ұлы ғалымы, этнографы әрі саяхатшысы Шоқан Уәлиханов Ботағай кесенесінің суретін салып, оның сәулеттік келбетін кейінгі ұрпаққа жеткізді. Кейіннен ескерткіш туралы мәліметтер Иосиф Кастанье, Леонид Семёнов және басқа да ғалымдардың еңбектерінде көрініс тапты.
1949 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы академик Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Ботағай қалашығы мен кесенесіне археологиялық зерттеу жүргізді. Экспедиция барысында көне қаланың орны анықталып, оның ортағасырлық қала мәдениетіне жататыны ғылыми тұрғыдан негізделді. Әлкей Марғұлан Ботағайды Нұра өзенінің сол жағалауындағы ірі ортағасырлық қалалардың бірі ретінде қарастырып, оны XIV ғасырдағы Каталон картасында белгіленген Ахсикент қаласымен сәйкестендіру туралы ғылыми болжам ұсынды.
Тәуелсіздік жылдарында Ботағай кесенесі мен оған іргелес көне қалашықты зерттеу жұмыстары жалғасын тапты. Археологиялық барлау және тарихи-топографиялық зерттеулер жүргізіліп, ескерткіштің құрылыс ерекшеліктері, мәдени қабаттары мен сақталу деңгейі нақтыланды. Зерттеу нәтижелері Ботағайдың Сарыарқадағы ортағасырлық қалалық мәдениеттің маңызды орталықтарының бірі болғанын дәлелдей түсті.
Қазіргі уақытта Ботағай кесенесі мен көне қалашық тарихи-мәдени мұра объектісі ретінде мемлекет қорғауында болып саналады. Ескерткішті сақтау, ғылыми тұрғыдан зерттеу, цифрлық құжаттамасын толықтыру және мәдени туризм нысаны ретінде таныту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Ботағай кесенесі – қазақ даласындағы ортағасырлық сәулет өнері мен қала мәдениетінің жоғары деңгейін айғақтайтын, Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы құрамындағы аса құнды ескерткіштердің бірі болып саналады.









