Баубек батыр кесенесі

Баубек батыр кесенесі



Киелі объекті

XIX ғ., кесене 1993 ж. орнатылған

Жақсы ауданы, Ешім а., таратылған Баубек батыр ауылының батыс бөлігі (бұрынғы Қызыл Ту ауылы)

Географиялық координаттары: 51.27478, 67.11243

 

Баубек Бекмұрзаұлы (1824–1884) – XIX ғасырдағы белгілі қазақ батыры, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың қатысушысы, оның сенімді серігі әрі асыранды ұлы. Оның есімі қазақ халқының бостандығы, тәуелсіздігі және дәстүрлі мемлекеттілігін сақтау жолындағы күрес тарихында ерекше орын алады.

Баубек 1824 жылы тарихи Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Әкесі Бекмұрза өз дәуірінің ауқатты әрі беделді адамдарының бірі болған. Ерте жетім қалған Баубек тоғыз жасында Кенесары Қасымұлының қасында болады.Хан зерек те батыл баланың қабілетін байқап, өзіне жақын тартып, асыранды ұлы ретінде тәрбиелейді. Кенесарының тәлім-тәрбиесімен Баубек әскери өнерді, атқа міну машықтарын және шайқас жүргізу тәсілдерін меңгереді.

Ол жастайынан ерекше күш-қуатымен, төзімділігімен және қайсар мінезімен көзге түскен. Халық аңыздарына сәйкес, он бес-он алты жас шамасында Баубек қырғыз жасақтарына қарсы ірі шайқастардың біріне қатысып, жекпе-жекте атақты қырғыз батыры Отыншыны жеңген. Осы ерлігі үшін ел оны Баубек батыр деп атай бастаған.

1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде Баубек Кенесары ханның ең сенімді серіктерінің бірі болды. Ол әскери жорықтарға қатысып, жауапты тапсырмаларды орындады және ханның зор сеніміне ие болды. Кенесары қозғалысының басқа да қатысушылары сияқты Баубек батыр Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы шығып, қазақ халқының дербес дамуға деген құқығын қорғады.

Көтеріліс жеңіліске ұшырап, Кенесары хан қаза тапқаннан кейін Баубек батыр өз руластарымен бірге Терісаққан өзені маңына қоныс аударады. Аңыз бойынша олар Терісаққан өзенінің Есілге құятын тұсына жақын жерге қоныстанған болатын. Қазіргі Терісаққан ауылының негізін осы қоныс аударушылар қалаған деген пікір бар.

Жергілікті халық арасында Баубек батыр ел қорғаны, әділ әрі турашыл тұлға ретінде зор құрметке ие болған. Отаршылдыққа қарсы көзқарастары мен қозғалыстарға қатысқаны үшін патша әкімшілігінің қудалауына ұшырады. Кейін Түмен өңіріне жер аударылып, сол жерде 1884 жылы қайтыс болған.

Баубек батырдың есімімен ерекше халық аңызы байланысты. Елге қайта оралмайтының сезген батыр айдауға аттанар алдында қылышымен бір саусағын шауып, туыстарына киімінің бір бөлігін қалдырып: «Егер менің қаза болғаным туралы хабар жетсе, осыны денемнің бір бөлшегі ретінде туған жеріме жерлеңдер», – деп өсиет қалдырған екен. Батырдың дүниеден өткені белгілі болған соң, туған-туыстары оның соңғы аманатын орындаған. Саусағы мен қалдырған заттары бұрынғы Қызыл Ту ауылының аумағындағы Бесоба жерінде барлық жөн-жоралғымен жерленген. Кейін бұл жерге үлкен тас мазар тұрғызылып, халық зиярат жасайтын, тағзым ететін қасиетті орынға айналды. Батырдың қазасы туралы хабар жеткеннен кейін туыстары оның соңғы аманатын орындайды. Саусағы мен қалдырған заттары бұрынғы Қызыл Ту ауылының аумағындағы Бесоба жерінде барлық жөн-жоралғымен жерленеді. Кейін бұл жерге үлкен тас мазар тұрғызылып, халық тағзым ететін қасиетті орынға айналды.

Баубек батыр мазары дала өңіріндегі халықтық мемориалдық сәулет өнерінің ескерткіштерінің бірі болып табылады. Ұзақ жылдар бойы ол батыр ұрпақтары мен өңір тұрғындары келіп, тағзым ететін қасиетті орын ретінде сақталып келеді. Батырдың өзі туған жерінен жырақта жерленгенімен, бұл мазар оның мәңгілік рухани тыныс тапқан мекені, әрі туған жерімен рухани байланысының белгісі саналады.

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Баубек батырдың есімі мен мұрасы жаңа деңгейде дәріптеле бастады. Оның ұрпақтарының бастамасымен және жергілікті тұрғындардың қолдауымен Баубек Бекмұрзаұлына арналған кесене салынды. Мемориалдық кешеннің салтанатты ашылуы 1993 жылғы 16 қазанда өтті. Жаңа кесене ұлттық тарихтың көрнекті тұлғаларына деген құрметтің және тарихи мұраны қастерлеудің белгісіне айналды. Батырдың құрметіне Қызыл Ту ауылы Баубек батыр ауылы болып қайта аталды. 2006 жылы бұл елді мекен таратылғанымен, кесене өңірдің маңызды тарихи-мәдени және рухани объектілерінің бірі болып саналады.

Ұзақ уақыт бойы Кенесары Қасымұлы қозғалысына қатысқан көптеген тұлғалардың есімі көпшілікке кеңінен мәлім болмады. Олардың қызметін зерттеуге көрнекті қазақстандық тарихшы Ермұхан Бекмаханұлы зор үлес қосты. Ол ғылыми әдебиетте алғашқылардың бірі болып Баубек батырдың есімін атады. Батырдың өмірі мен қызметі туралы маңызды дереккөздердің бірі – журналист Ахметжан Байжанның 1995 жылы жарық көрген «Бектауыл Баубек батыр» атты кітабы. Бұл еңбекте батырдың өмірбаяны, ұлт-азаттық қозғалысындағы қызметі және қазақ халқының тарихындағы орны жан-жақты баяндалған.

Баубек батырдың бейнесі көркем әдебиетте де көрініс тапқан. Оның есімі Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер»тарихи трилогиясында, сондай-ақ Сабыр Шәріповтің «Ерден көлі»повесінде аталады. Бұл шығармалар батырдың есімі мен оның өмір сүрген дәуірі туралы тарихи жадтың сақталуына зор ықпал етті.

Бүгінде Баубек батыр кесенесі Ақмола облысының маңызды тарихи-мәдени және киелі объектілерінің бірі болып саналады. Ол халықтың тарихи жадын сақтауда ерекше орын алады және қазақ халқының азаттық пен тәуелсіздік жолындағы ерлік, қаһармандық  күресін еске салады. Кесене сәулеттік әрі мемориалдық құндылыққа ғана емес, сонымен қатар ерлік пен отансүйгіштіктің, туған жерге адалдық пен ұлттық тарихқа құрметтің символы ретінде бағаланады. Баубек батыр туралы халық жадындағы аңыздар, тарихи зерттеулер мен мәдени мұралар арқылы оның есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, елге қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді.