Аңғал батырдың жерленген жері
Киелі объекті
XVIII ғасыр
Біржан сал ауданы, Аңғал батыр ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде
Географиялық координаттары: 53°14'51.3"N 70°53'48.8"E
Кейбір деректер бойынша Аңғал батыр 1770 жылы дүниеге келіп, 1867 жылы қайтыс болған.
Аңғал батырдың жерленген орны Ақмола облысының Біржан сал ауданында, Аңғал батыр ауылынан солтүстікке қарай үш шақырым жерде орналасқан Қосқарағай атты тарихи мекенде орналасқан. Бұл объекті қазақ халқының азаттық жолындағы күресімен және көрнекті батырлардың өмірі мен ерлік жолымен тығыз байланысты өңірдің маңызды тарихи-мәдени әрі киелі ескерткіштердің бірі болып саналады.
Тарихи деректер мен халық аңыздарына сәйкес, Аңғал батыр шамамен 1770 жылы дүниеге келіп, 1867 жылы ұзақ ғұмыр кешіп дүниеден өткен. Оның өмір сүрген кезеңі қазақ даласының тәуелсіздігін, жерін және дәстүрлі тұрмысын сақтап қалу жолындағы күреспен тұспа-тұс келді.
Аңғал жас кезінен-ақ ерекше күш-қайратымен, төзімділігімен және батылдығымен көзге түскен. Ел аузындағы әңгімелерде оның жауынгерлік қабілеті мен ержүректігіне Абылай ханның ерте назар аударғаны айтылады. Болашақ батыр ханның жорықтарына қатысып, әскери кеңестерде болған. Ел мүддесі жолындағы адалдығы мен ерлігі үшін Абылай хан Аңғал батырды ерекше құрметтеп, оған зор сенім артқан.
Ауызша тарихи деректерге қарағанда, Абылай ханның тапсырмасымен Аңғал батыр Ақшоқы маңына қоныстандырылған. Кейін ол өз руының ғана емес, бүкіл өңірдің беделді тұлғасына айналды. Бұл жерде ол әскери істермен қатар, ел арасындағы қоғамдық мәселелерді шешуге араласып, халық бірлігін нығайтуға және тәртіпті сақтауға атсалысты.
Аңғал батырдың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысына қатысуы. Белгілі тарихшы Ермұхан Бекмаханов өзінің «Қазақстан XVIII–XIX ғасырларда» атты еңбегінде Кенесары ханның қол астында үш жүздің атақты батырлары болғанын атап көрсетеді. Солардың қатарында Ағыбай батыр, Жанайдар батыр, Иман Дулатов, Жеке батыр, Бұғыбай батырлармен бірге Аңғал батырдың есімі де аталады. Бұл батырлар Кенесары қозғалысының негізгі тірегі болып, қазақ жерінің тәуелсіздігі үшін күрескен.
Халық аңыздары бойынша, Аңғал батыр Қараөткел мен Аягөз бекіністері үшін болған шайқастарда ерекше ерлік көрсеткен. Ол жауынгерлер арасында әскери тәжірибесімен, батылдығымен және қол бастай білетін қасиетімен үлкен беделге ие болған. Ел жадында оның әрдайым шайқастың алғы шебінде жүріп, сарбаздарға үлгі болғаны сақталған.
Аңғал батыр тек жаужүрек қолбасшы ғана емес, сонымен қатар ақыл-парасаты мол, әділ тұлға ретінде де танылған. Қартайған шағында оған алыс-жақын елден адамдар арнайы келіп, ақ батасын алып, ақыл-кеңесіне жүгінген. Оның даналығы мен өмірлік тәжірибесі халық арасында зор құрметке ие болып, өңірдің рухани көшбасшыларының біріне айналған.
Аңғал батырдың есімі тарихи аңыздарда ғана емес, өңірдің жер-су атауларында да сақталған. Батырдың құрметіне аталған Аңғал батыр ауылы оның қазақ халқы тарихындағы орны мен ел қорғаудағы еңбегін айғақтайды.
Аңғал батыр дүниеден өткеннен кейін Қосқарағай жеріне жерленген. Көптеген ұрпақтар бойы оның қабірі қасиетті орын ретінде қастерленіп келеді. Бүгінде мұнда батырдың ұрпақтары, зиярат етушілер, зерттеушілер және Қазақстанның қаһармандық тарихына қызығушылық танытатын азаматтар келіп тағзым етеді.
Қазіргі уақытта Аңғал батырдың жерленген орны Ақмола облысының тарихи-мәдени және киелі объектілерінің қатарында. Бұл ескерткіш қазақ халқының азаттық жолындағы күресін, батырлық дәстүрін және рухани мұрасын дәріптейтін маңызды тарихи орын болып табылады. Объектітарихи жадыны сақтауда, Қазақстанның әскери-саяси тарихын зерттеуде, жастарға патриоттық тәрбие беруде және ұлттық мәдени мұраны насихаттауда ерекше маңызға ие.









