Қазы батырдың жерленген жері
Киелі обьекті
XVIII ғ.
Ақкөл ауданы, Урюпинка а., ауылдың батысына қарай 2 кмжерде Географиялық координаттары: 51°56'47.9"N 70°27'04.6"E
Қазы батыр — алып күш иесі, ержүрек жауынгер, Абылай хан, Қабанбай батыр және Бұқар жырау сынды тарихи тұлғалардың белгілі серігі болған. Ол жоңғар шапқыншыларына қарсы күреске белсене қатысып, қазақ жерінің тәуелсіздігін қорғауда ерекше ерлік көрсеткен тұлға. Қазы батыр XVIII ғасырда, қазақ халқы үшін ең ауыр кезеңдердің бірінде өмір сүрді. Бұл уақытта қазақ даласында ел тәуелсіздігі мен жер тұтастығы үшін қиян-кескішайқастар жүріп жатқан еді.
Қазы батыр жауынгерлігімен танылған рудан шыққан батыр. Ол жастайынан батырлық рухта тәрбиеленіп, қару-жарақты жетік меңгерген, күшімен, төзімділігімен және батылдығымен ерекшеленген. Халық аңыздарында батырдың ерекше қайрат иесі болғаны, жауынгерлер арасында зор беделге ие болғаны айтылады.
1750 жылы жоңғарлар қазақ жерін басып алуға ірі шабуыл жасап, көпмөлшерде мал-мүліктерін тартып алды. Осы ауыр жағдайда Абылай хан әскери кеңес шақырып, оған атақты батырларды жинайды. Кеңесте үш жүздің қолын біріктіріп, жауға қарсы күш жұмылдыру туралы шешім қабылданады. Көп ұзамай біріккен қазақ жасақтары жоңғарларға күйрете соққы береді. Осы шайқастарда Қазы батыр асқан ерлігімен және қолбасшылық қабілетімен көзге түседі. Оның батырлығы мен қаһармандығы халық арасында кеңінен танылып, үлкен құрметке ие болды.
Тарихи деректер Қазы батырдың қазақ даласының солтүстік және орталық өңірлерін қорғауға қатысқанын көрсетеді. Ол көшпелі елдің қоныстарын және сауда жолдарын қорғауда маңызды рөл атқарған. Қазы батырдың есімі халық жадында ерліктің, әділдіктің және елге адал қызмет етудің символы ретінде сақталған. Батыр тек шайқастарға қатысып қана қоймай, жас сарбаздарды тәрбиелеумен де айналысқан. Ол жастарға әскери тәжірибесін үйретіп, жауынгерлік дәстүрлерді насихаттаған.
Қазы батыр көптеген шайқастарда өзінің күші мен ерлігінің арқасында жеңіске жетіп отырған. Қазіргі Урюпинка ауылы маңында қалмақтарды жеңгеннен кейін, ол осы өңірге қоныстануға шешім қабылдайды. Аңыз бойынша, батыр: «Осы жер менің мекенім болады», — деп, қылышымен жерді белгілеген екен. Содан бері бұл жер Қазы батыр үшін қасиетті мекенге айналып, мұнда ол жас жігіттерді әскери өнерге баулыған. Батыр оларға ат үстінде шабуды, қару қолдануды және соғыс тәсілдерін үйреткен.
Қазы батыр қыс мезгілінде қайтыс болған. Халық оның сүйегін жаз айында Түркістан қаласына апарып жерлеуді жоспарлаған. Себебі Түркістан — қазақ халқының рухани әрі тарихи орталығы, онда көптеген хандар мен батырлар жерленген. Батырдың денесі уақытша Ақкөл–Атбасар тас жолы бойындағы Дөңгелекақау жеріне қойылады. Алайда қалмақтардың қайта шабуыл жасауына байланысты Қазы батырдың сүйегі сол жерде қалып қойған.
Бүгінде Қазы батырдың жерленген орны Ақкөл ауданына қарасты Урюпинка ауылынан батысқа қарай 2 шақырым жерде орналасқан. Бұл жер аймақтың тарихи, әрі киелі орындардың бірі болып саналады және де қазақ халқының азаттық жолындағы ерлік күресінің символы ретінде құрметтеледі.









