Ахмет кесенесі (Қызыл там)

Ахмет кесенесі (Қызыл там) 0 Ахмет кесенесі (Қызыл там) 1 Ахмет кесенесі (Қызыл там) 2

Киелі объекті

ХХ ғасырдың басы

Жарқайың ауданы, Далабай ауылының оңтүстік-батысынан 7 км жерде

Географиялық координаттары:51.095306, 66.571139

 

Ахмет кесенесі, жергілікті халық арасында «Қызыл там» атауымен белгілі, Ақмола облысы Жарқайың ауданы аумағындағы ХХ ғасырдың басына жататын халықтық мемориалдық сәулет өнерінің көрнекті ескерткіштерінің бірі болып табылады. Ескерткіш өз атауын құрылыс барысында пайдаланылған күйдірілген кірпіштің қызыл түсіне байланысты алған. Кесене Есіл өзенінің оң жағалауындағы биіктеу жерде орналасқан, бұл қазақ даласындағы діни-мемориалдық құрылыстарды орналастырудың дәстүрлі қағидаларына сәйкес келеді.

Объекті өз дәуірінде ел арасында зор беделге ие болған дәулетті саудагер әрі жергілікті тұрғын Ахмет Тәңкеевтің есімімен байланысты. Ауызша деректерге сәйкес, кесене оның көзі тірісінде белгілі құрылыс шеберлері Тұрабай мен Рапай атты құрылысшыларменсалынған. Мұндай кесенелерді алдын ала тұрғызу XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы ауқатты қазақ қауымының арасында кездескен және иесінің жоғары әлеуметтік мәртебесін, сондай-ақ өз әулетінің есімін мәңгі есте қалдыруға деген ұмтылысын көрсеткен.

Кесенемен Ахметтің қайғылы тағдыры туралы халық арасында кең таралған аңыз байланысты. Аңыз бойынша, бір күні Ахмет ұйқысынан оянбай терең ұйқыға кетеді, айналасындағылар оны өлдіге санап, жер қойнына тапсырған екен.  Барлық жерлеу рәсімдері орындалғаннан кейін ол өзі үшін салынған мазарға жерленген. Бірнеше күн өткен соң туыстары кесене ішінен ащы дауыс естиді, оның тірі екенін байқайды. Алайда болған жағдайдан қорқып, оны жын-шайтанның әсері деп түсінген олар Ахметті өлтірген, яғни өмірін қиған. Бұл аңыз халық жадында сақталып, өңірдің материалдық емес мәдени мұрасының ажырамас бөлігіне айналған.

Кесене XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында Қазақстанның далалық өңірлерінде кеңінен таралған портал-күмбезді сәулет өнерінің көрнекті үлгісі ретінде ерекше ғылыми және тарихи қызығушылық тудырады. Құрылыстың сәулеттік шешімінде қазақтың дәстүрлі халықтық құрылыс өнерінің әдіс-тәсілдері мен Орталық Азиядағы исламдық діни сәулет өнерінің элементтері үйлесімді ұштасқан. Композициялық құрылымы жағынан кесене Қазақстанның далалық аймақтарында ғасырлар бойы қалыптасқан құрылыс дәстүрлеріне сүйене отырып, халық шеберлері тұрғызған күйдірілген кірпіштен қаланған күмбезді ескерткіштер қатарына жатады.

Ғимараттың жоспары тікбұрышты болып келеді, негізгі көлемінің өлшемі шамамен 6,3 × 6,7 м. Кесененің жалпы биіктігі шамамен 7,15 м. құрайды.Негізгі көлемнің үстінде цилиндр пішінді барабанға орнатылған шар тәрізді-конус пішінді күмбез орналасқан. Бас қасбеті монументалды тікбұрышты портал түрінде, ғимараттың мемориалдық сипатын ерекше көрсетеді. Кіреберістегі аркалы ойық жоғарғы жағынан доға тәрізді маңдайшамен біріктірілген жіңішке жартылай бағаналармен көмкерілген.

Кесене қабырғалары шикі балшық қаланған күйдірілген тікбұрышты кірпіштен тұрғызылып, сырты күйдірілген кірпішпен қапталған. Іргетасы тақтатастан қаланған. Ішкі кеңістік күмбезбен жабылған, ал төртбұрыштан күмбезге өту консольді желкендер мен сүйір аркалы қуыстар арқылы жүзеге асырылған. Құрылыстың оңтүстік-шығыс бөлігінде шатырға шығатын баспалдаққа апаратын аркалы ойық орналасқан. Құлпытас пен еденнің кірпіш төсемінің бір бөлігі бүлінгеніне қарамастан, кесене өзінің негізгі көлемдік-жоспарлық құрылымын сақтап қалған.

Кесененің көркемдік құндылығы оның қасбеттерінің сәндік безендірілуімен ерекшеленеді. Сәндік композиция фигуралы кірпіш қалау, геометриялық өрнектер және эпиграфикалық элементтердің үйлесіміне негізделген. Қасбеттердің жиектері ромб тәрізді бедері бар төртбұрышты кірпіштермен және араб тілінде жазылған «Аллаһ» сөзімен безендірілген. Қасбеттердің орталық бөліктері қара түсті кірпіштен қаланған ромб пішінді өрнектермен және сәндік кірпіш кірістірулерімен толықтырылған. Бүгінгі күнге дейін сақталған «Аллаһ» жазулары сол кезеңдегі халықтың діни дүниетанымы мен рухани мәдениетінің маңызды айғағы болып табылады.

Ахмет кесенесінің сәулеттік келбеті XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Орталық және Солтүстік Қазақстанның халықтық мемориалдық құрылыс өнеріне тән белгілерді айқын көрсетеді. Көлемі шағын болғанымен, кесене үйлесімді пропорцияларымен, айқын кескінімен және жоғары сапалы сәндік кірпіш қалауымен ерекшеленеді. Құрылыста қолданылған композициялық тәсілдер мен сәндік элементтер жергілікті шеберлердің кәсіби деңгейінің жоғары болғанын дәлелдейді.

Өзінің сәулеттік ерекшеліктері бойынша Ахмет кесенесі Ақмола, Қостанай, Қарағанды және Ұлытау облыстарының далалық аймақтарында кездесетін кірпіштен салынған мемориалдық құрылыстарға ұқсайды. Мұндай кесенелер батырлар, билер, діни қайраткерлер және қоғамның беделді өкілдері құрметіне тұрғызылған. Оларға тікбұрышты жоспар, барабан үстіндегі күмбез, порталдық қасбет және бай кірпіш өрнегі тән. Бұл құрылыстар Ұлы Даланың ортағасырлық сәулет дәстүрлерінің XX ғасырдың басына дейін сақталған жалғасы болып табылады.

Ахмет кесенесі Жарқайың ауданында сақталған осы типтегі сирек ескерткіштердің бірі болып саналады. Сапалы күйдірілген кірпіштің қолданылуы оның ұзақ уақыт бойы сақталуына мүмкіндік берген. Табиғи факторлардың әсеріне және ұзақ уақыт жүйелі қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмегеніне қарамастан, кесене бүгінгі күнге дейін сақталуына мүмкіндік берген.

Көптеген ондаған жылдар бойы кесене халықтың тағзым етіп, құрмет көрсететін қасиетті орны ретінде қызмет атқарып келеді. Ол сәулет мұрасының көрнекті нысаны ғана емес, сонымен қатар өңірдің қоныстану тарихы, құрылыс өнерінің дамуы және ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамының рухани өмірі туралы маңызды мәліметтер беретін тарихи дереккөзі болып саналады. Ескерткіш Есіл өзені аңғарының тарихи-мәдени ландшафтының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және Жарқайың ауданының киелі нысандары арасында ерекше орын алады

Тарихи-мәдени тұрғыдан алғанда, кесене белгілі бір тұлғаның жерленген орны ғана емес, XIX–XX ғасырлар тоғысындағы қазақ қоғамының әлеуметтік, діни және көркемдік дәстүрлерін бейнелейтін тұтас дәуірдің ескерткіші болып табылады. Ол далалық өңірдегі халықтық сәулет өнерінің дамуын көрсететін маңызды нысандардың бірі саналады.

Өзінің сәулеттік көркемдігімен, тарихи құндылығымен, ерекше сәндік безендірілуімен және оған қатысты халық аңыздарымен Ахмет кесенесі («Қызыл там») Қазақстанның дәстүрлі сәулеті, өңір тарихы мен рухани мәдениетін зерттеушілер үшін ерекше қызығушылық тудырады. Бүгінде ол қазақ даласының мемориалдық сәулет өнерінің ерекшеліктерін, жергілікті құрылыс шеберлерінің жоғары кәсіби деңгейін және халықтың діни-мәдени дәстүрлерін бейнелейтін маңызды тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде қарастырылады. Кесене ғылыми, сәулеттік, тарихи және мемориалдық тұрғыдан жоғары құндылыққа ие және Ақмола облысының мәдени мұрасының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.