Бектемір сопы кесенесі

Бектемір сопы кесенесі 0 Бектемір сопы кесенесі 1



Киелі обьекті

Егіндікөл ауданы, Жалманқұлақ ауылы

Географиялық координаттары: 51.00627, 69.16362

 

Бектемір сопы кесенесі Қоскөл қонысының көрікті табиғи аймағында, биіктеу жерде орналасқан. КесенеЖалманқұлақ ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 11 км және Егіндікөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 26 км қашықтықта жатыр. Бұл сәулет ескерткіші өңірлік құрылыс өнерінің және далалық өлкенің рухани мұрасының жарқын үлгілерінің бірі болып табылады.

Мазар дәстүрлі тәсілмен дайындалған шикі кірпіштен салынған. Кірпіш құрамына құм, жылқы қылы, жүн және өсімдік тамырлары қосылып, оның беріктігі мен ұзақ сақталуына ықпал еткен. Кірпіш өлшемдері шамамен 31–32 × 8–10 см, ал кесененің жалпы биіктігі 5,7 метрге жетеді.

Сәулеттік тұрғыдан алғанда,  кесене сегіз қырлы құрылыс түріне жатады. Кіреберіс бөлігі тікбұрышты көлем түрінде жасалып, батыс жағында орналасқан және пирамида тәрізді жабынмен жабылған. Құрылыстың ерекше қызығушылық тудыратын бөлігі — күмбездік жүйесі. Сегіз қырлы негіз үстіндегі қалқан тәрізді күмбездің керілген секторлары жоғарғы бөлігінде шар-конус пішінді күмбезшеге қарай созылып, кесенеге айрықша әрі үйлесімді сипат береді.

Әрбір қырында, жерден шамамен 1,8 метр биіктікте, биіктігі 35–40 см болатын шағын ойықтар орналасқан. Саңылаулар арқылы ішке жарық түседі. Қосымша жарық күмбездің төбесіндегі биік саңылау арқылы жарық түседі. Кесененің ішкі бөлігі — күмбез асты камерасы — сыртқы ортамен тар дәліз арқылы байланысады. Бұл дәліз үш қалақты арка түріндегі жабынмен жабылған.

Бектемір сопы — белгілі діни қайраткер, уағызшы әрі ағартушы. Ол исламның сопылық ілімнің өкілі еді. Сопылық — ислам дініндегі рухани бағыт, оның өкілдері (сопылар) ішкі жан тазалығына жетуге, Алланы тануға және Оған жақындауға ұмтылады. Бұл жолда олар дұға, тақуалық, сабыр және адамға қызмет ету қағидаларын ұстанады. Сопылар Мұхаммед пайғамбар ілімін негізге алып, оның рухани-адамгершілік қырларын тереңдете дамытады, имандылық пен шынайы сенімге ерекше мән береді.

Бектемір сопы Қазақстан аумағында миссионерлік қызметпен белсенді айналысып, ислам дінінің құндылықтарын кеңінен насихаттап таратқан. Ол балаларға сауат ашып, діни білім берген, медреселер ашып, өңірдегі білім мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосқан.

Ол қайтыс болғаннан кейін жерленген орнына мазар тұрғызылған. Бүгінгі күнге дейін құлпытасы сақталмағанымен, кесененің өзі зиярат ететін қасиетті орын ретінде маңызын жоғалтпаған.

Мазар жанындағы ағаш бұтақтарына зиярат етушілер дәстүр бойынша ақ матаның қиындысын байлап кетеді. Бұл - тілек тілеу, үміт арту және рухани байланыс белгісі. Бүгінде бұл орын рухани жады мен мәдени мұраны сақтайтын маңызды обьектілердің бірі болып табылады.