Қосағалы батыр кесенесі

Қосағалы батыр кесенесі

 


Киелі объекті

XIХ ғ. басы

Зеренді ауданы, Алексеевка а.

Географиялық координаттары: 53°30'44.1"N 69°31'59.7"E

 

Қосағалы батыр Төлекұлы (1740-1813)  Көкшетау өңірінің тумасы. Ол ұлы Абылай хан дәуірінде өмір сүріп, оның ұлы – Орта жүздің ханы Уәлидің сенімді серігі әрі қолдаушысы болған.

Қосағалы батыр, Арғын руы Қарауылдың Жақсылық тармағынан тарайтын Баянұлы Байтөлектің ұлы. Танымал журналист-жазушы Тортай Садуақасовтың 2004 жылы жарық көрген «Ел мен жер» кітабындағы шежіреде: Қарауылдың кіші ұлы Мәшектен – Есенбай-Әлімбет-Жақсылық-Баян-Төлек-Қосағалы-Байбол-Күлес-Жәулә-Есқақ-Қабдолла болып ұрпақтары одан әрі жалғаса береді.

Батырдың әкесі Төлек, басына тоғыз мын жылқы біткен бай болыпты. 1723-1730 жылдардағы «Ақтабан шұбырындыда» жадап-жүдеп осы жаққа жеткен қандастарымызға мал, жер беріп көмек көрсеткен атымтай жомарттығына сайып ел-жұрт оны Баянұлы Бай-Төлек атап кеткен дейді.

Кең құлашты көшпелі заманда туған Қосағалының кіндік қаны тамған жер бұрынғы Рузаев ауданындағы Қосағалы өзенінің (орысша «Косогляд» деп атап кеткен) бойы болып келеді. Бұл дерек 1910 жылы Санкт-Петербургтегі Э.Х.Брандттың картографиялық фабрикасында дайындалған жер пайдалану картасында «урочище Косагалъ» деп арнайы көрсетілген. Тіпті, Қосағалы қойнауындағы Жайлыбай, Жалаңауыз, Шалауыл, Құйрық ауылдарына да сипаттама беріліпті. Кейін Қосағалы көші Шағалалы өзені бойына қайта қоныстанған.

Атадан қалған мұраны шашау шығармаған Қосағалы да ауқатты, елі мен жеріне жау тигізбеген, беделі зор, алып денелі күш иесі болғаны анық. Оған дәлел, батырдың салт жүргенде өзінің арнайы баптайтын тұлпарлары «Қарабедеу» аталған белді аттары туралы деректер айғақтайды.

Бұл кезең жоңғар шапқыншылығы түбегейлі жойылғанымен, Еділ құба қалмақтарының қарақшылық қақтығыстары әлі де болса тоқтамай, Ресей қарашекпенділерінің мысық табандап қазақ жеріне ене бастаған шағы еді.  

Ауызша тарихи деректерге сәйкес, Қосағалы батыр туған жерін қорғау жолында белсенді күрес жүргізген. Ел аузындағы әңгімелерде оның батырлар жасақтарын ұйымдастырып, жау күштеріне қарсы аттанып, өз халқын қорғағаны баяндалады. Халық жадында оның жорықтары қазіргі Түмен және Челябі облыстарының аумақтары арқылы, Кіші Қосағалы мен Үлкен Қосағалы өзендерінің бойымен өткендігі туралы аңыздар сақталған. Сондай-ақ Қыштыма маңындағы минералды бұлақтың атауы да батырдың есімімен байланыстырылып айтылады. Бұл мәліметтердің басым бөлігі халықтың тарихи жадын және оның қаһармандық өткен тарих туралы түсінігін бейнелейтін ауызша дәстүрлер мен рулық шежірелік аңыздарға негізделген.

Кейбір деректерге сәйкес, Қосағалы батырдың еңбегіне көрсетілген ерекше құрметтің белгісі ретінде патша үкіметі Омбы губернаторы тарапынан «Алтын тон» аталатын оқалы шапанның тарту етіліп, бұл құнды жәдігер жұрнағының күні кешеге дейін батыр ұрпағы Дәкен Боқанов ақсақалдың үйінде сақталып келгендігі дәлел болады.

Қосағалы батыр өзінің ата-бабалары сияқты бойы- 276 см алып денелі батыр болған. Оның жерлеу орны- 4 метрді құрайды. Маңдайшасындағы жазу- арабша, қабір басындағы жазу екі тілде: қазақ және орыс тілінде : «Руы жақсылық Қарауыл», «Богатырь Қосағалы Толеков». 

Шағалалы өзенінің тауды айналып өтетін тұсында Жақсылық Қарауылға жататын «Сай» ауылынан тараған «Жалғыз қарағай», «Қырдағы ауыл», «Былқылдақ», «Талдағы ауыл», «Өзен қарағай» дейтін ауылдардың соңғысын Қосағалы батыр мекендеген.

Қосағалы батырдың бейіті Зеренді ауданындағы Азат тауында орналасқан. Батырдың рухына зиярат жасау үшін әр өңірден адамдар келіп тұрады. 2018 жылы ұрпақтары Қосағалы батырдың жерленген жеріне арналған биіктігі 6,5 метр болатын кесене тұрғызды.  Ал құлпытасы 2016 жылдың 25 қыркүйегінде орнатылған болатын.

Қазақтың белгілі күйшісі Дәулеткерей өзінің «Қосағалы» атты күйін арнаса, Ақмола-Көкше аймағында «Қосағалы» атты атаумен аталатын жер, су атаулары да кездеседі. 

2010 жылдың 13 қазанында Қосағалы батырдың  ел тарихындағы орны мен жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі ерлігін насихаттау мақсатында «Қосағалы батыр» қоры ашылған болатын.

  

Деректеме: жергілікті өлкетанушы - Дәкен Боқанов