Тоқан Хазірет жерленген жері
Киелі обьекті
Ерейментау ауданы, Тұмсық ауылы, ескі зират
Географиялық
координаттары: 51.518445,
73.576292
Тоқан хазірет Домаұлының мазары - Ақмола облысы Ерейментау ауданының Тұмсық елді мекеніндегі Керегетас өңірінде орналасқан киелі орындардың бірі. Бұл жер жергілікті халық үшін ерекше рухани маңызға ие және зиярат ететін қасиетті нысан ретінде құрметтеледі.
Кесененің сәулеттік ерекшеліктері де назар аудартады. Күмбезінің диаметрі шамамен 7,5 метр, ал биіктігі 3,5 метрді құрайды. Қабырғалары табиғи тастан қаланған, күмбезі тот баспайтын болат пен жез (латунь)материалдарынан жасалған. Күмбездің айналасына оң жағында араб тілінде «Тоқан Хазірет», сол жағында қазақ тілінде «Тоқан Хазірет» деген жазулар орналастырылған. Осы жазулардың арасында Құран Кәрімдегі аяттардың санын білдіретін «6666» саны бейнеленген. Кесененің жанында зияратшыларға арналған ас үй мен қонақ үй салынған. Қонақ үй алдындағы тақтада Тоқмағамбет Домаұлының (Тоқан Хазірет) халық арасында әулие ретінде құрметтелетіні, ал бұл құрылыстар оның ұрпақтары мен туыстарының бастамасымен 1993 және 2010 жылдары бой көтергені көрсетілген.
Тоқан хазірет Домаұлы шамамен 1851 жылы дүниеге келіп, 1916 жылдың қазан айында дүниеден өткен. Әкесі қарапайым, тұрмысы төмен адам болған деседі. Балалық шағында анасының туыстарының қолында, Көкшетау өңіріндегі Қарауыл руының ортасында тәрбиеленген.Жастайынан білімге құштар, зерек болып өскен. Есейіп, ержеткен соң Қызылжарға (Петропавл қаласына) барып, белгілі дін қайраткері Ахметұлы хазіреттен білім алған. Ол қабілетті, зерек шәкірт ретінде танылып, діни ілімді терең меңгерген.
Кейбір деректерге қарағанда, өз ойын еркін айтып, күрделі сұрақтар қоюының салдарынан медреседен кетуге мәжбүр болған. Осыдан кейін туған өлкесіне оралып, Ерейментау өңірінде молдалық қызмет атқарған. Дегенмен ол тек медреседе сабақ берумен шектелмей, ауылдарды аралап, халықпен тікелей жүздесуді жөн көрген. Ол барған жерлерде адамдарды жинап, рухани әңгімелер өткізген, сондай-ақ әнші-күйшілердің басын қосып, түрлі басқосулар ұйымдастырған. Бұл оның жан-жақты тұлға болғанын аңғартады.
Тоқан хазірет туралы көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Халық арасында оның көрегендігі мен ерекше рухани қасиеттері жайлы кеңінен айтылады. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, түн ішінде оның отырған бөлмесінен жарық сәуле тарайтын болған, ал онымен жүздескен адамдар жан тыныштығын сезініп, көңілдері жайланған. Сондықтан көпшілік жұрт оны көріп, өсиет-насихатын тыңдауға және рухани демеу алған.
Тоқан Хазірет тек діни қайраткер ғана емес, қоғамдық өмірге де белсене араласқан тұлға болған. Ол адамдар арасындағы дау-дамайларды шешуге атсалысып, жұртты әділдікке, татулық пен бірлікке шақырған, шариғат қағидалары негізінде даулы мәселелердің әділ шешілуіне ықпал еткен. Сонымен қатар ол Құранды қатаң қағидалар жиынтығы ретінде емес, адам баласына дұрыс өмір жолын көрсететін терең тағылым деп түсіндірген. Өз уағыздарында Құран аяттарына жиі сүйеніп, олардың мағынасын халыққа түсінікті, қарапайым тілмен жеткізіп отырған.
1916 жылғы қиын кезеңде, патша үкіметінің қазақ жастарын қара жұмысқа алу туралы жарлығы шыққан кезде, Тоқан хазірет халықты сабырлыққа шақырып, ақылмен әрекет етуге шақырып,қантөгіске жол бермеуді ескерткен. Ол елді ашық қарсылыққа шықпай, жағдайды бейбіт жолмен шешудің амалдарын іздеуге үндеген.
Оның өмірінде Баянауылға сапары туралы аңыз да кең таралған. Бір жиында ол діни насихаттары мен тағылымды сөздері арқылы жұртшылыққа ерекше әсер қалдырады. Ризашылығын білдірген үй иесі оған, асау жылқыларды сыйға тартпақ болады. Бірақ Тоқан хазірет: «Егер бұл Алланың жазғаны болса, өздері-ақ соңымыздан ереді» деген екен. Аңыз бойынша, жылқылар оның соңынан еріп кеткен. Бұл оқиға халық арасында оның ерекше қасиет иесі ретінде танылуына әсер еткен.
Тоқан Хазірет белгілі ойшыл, ағартушы әрі фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлымен тығыз қарым-қатынаста болған. Мәшһүр Жүсіп оның діни білімі мен даналығын жоғары бағалап: «Мен медреседе оқып ғалым болдым, ал Тоқан Хазірет ілімді Алланың өзінен үйренгендей еді», – деген сөз қалдырғаны айтылады. Сондай-ақ оның «6666 жылқы» туралы астарлы сөзі де белгілі. Бұл шын мәнінде Құран Кәрімдегі аяттардың санын меңзеген.
Тоқан Хазіреттің халық арасында әулие ретінде құрметтелуінің бірнеше себебі бар. Ол терең діни білім иесі болып, әділдігімен, қарапайымдылығымен және адамға деген құрметімен ерекшеленген. Оның рухани кемелдігі, көрегендігі және адамдарға шынайы көмектесуге деген ықыласы елдің сенімі мен құрметіне ие болды. Ол адамдарды әлеуметтік дәрежесіне қарай бөлмей, барлығына бірдей қарап, мейірім мен қамқорлық танытқан.
Бүгінде Тоқан Хазіреттің мазары – зиярат ететін қасиетті орындардың бірі. Мұнда адамдар рухани демеу іздеп, дұға жасап, жан тыныштығын табу үшін келеді. 1993 жылы оның ұрпақтары зияратшыларға арналған үй тұрғызған, кейіннен бұл кешен кеңейтіліп, абаттандырылды. Сондай-ақ Ерейментау қаласында оның есімі берілген мешіт жұмыс істейді.
Тоқан Хазірет Домаұлының өмірі мен қызметі қазақ халқының рухани тарихында маңызды орын алады. Ол дін мен ұлттық дәстүрд ұштастырған, адамгершілік құндылықтарды, әділдік пен бірлікті дәріптеген көрнекті тұлға ретінде танылды. Оның есімі мен рухани мұрасы бүгінгі күнге дейін халық жадында сақталып, зор құрметке ие.









