Абылай хан алаңы - Көкшетау тауының етегінде орналасқан табиғаттың бірегей ескерткіші. 1991 жылы Абылай хан алаңына ұстын орнатылып, «Абылай хан» экспозициялық кешенін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашқан болатын. «Абылай хан алаңында» ашылған мұражайдың аумағы 288 шаршы метрді құрайды. Онда қа¬зақ ханы Абылайдың Ресей, Қытай, Бұхара хандықтарының елшілерін қабылдауы көрініс тапқан. Ұлы ханның қолбасшылығымен болған жорықта, тарихта «Шаңды жорық» деген атаумен қалған оқиға барысы мұражайдың бір қабырғасына толығымен безендірілген. Ал дәл ортада Ұлы мемлекет қайраткерінің қолбасшылығымен can түзеген сарбаздардың бейнесі негізінде «Әскери кеңес» атты мүсіндік композиция сомдалған. Осы мүсіндік композицияны айнала орнатылған бағаналарда хан Абылайға катысты деректер топта- масы жазылған.
XVIII ғасырдың ортасында қазіргі Абылай хан алаңында үш жүздің билері мен игі жақсылары құрылтай өткізіп, Абылайды ақ киізге көтеріп, хан сайлайды. Сонда Абылай тұрып: «Тақта өздеріңіз болыңыздар, мен өзімнің сарбаздарыма барамын. Ал мынадай табиғаты көркем жер тек қана ойын-сауық өткізетін орын екен», - дейді. Ал ханның үлкен алаңы «Ханның қызыл ағашы» деген жерде. Бүгінгі Абылай ханның кіші алаңы жер-жерден келген туристердің көп жиналатын орны. Бұл алаңның ортасында биіктігі 37 метр- лік ұстын тұр. Оны ақ мәрмәрдан қарағандылық суретші Ерлан Айтуаров бастаған сәулетшілер салыпты. Сегіз қырлы монумент дөңгелек ішінде тұр. Қазақстан халықтарының мәдениетінде сегіз қырлы пішін дүние жүзінің бөліктерін ғана білдірмей, сонымен қатар бүкіл бағыттарға тарататын берекені де білдіреді. Дөңгелекпен бірге ол осы берекені мәңгілікке бекітеді. Монументте Қазақстанның мемлекеттік зандарының тарихи сабақтастығы көрінеді, Абылай хан Қазақстан халықтарының біріктірушілерінің бірі ретінде белгілі. Ескерткіштің қырлары жебе ұштықтары түріндегі алтын оюмен безендірілген. Ал 2009 жылы «Абылай хан ордасы» экспозициялық кешені ашылды. Бұл үлкен мұражай келіп-кетуші меймандарға Абылай хан дәуірі туралы көптеген құнды мәліметтер береді.
Экспозициялық кешенге үш басты нысан кіреді: Абылай хан құлпытасы, тарих залы және қымызхана. Кешеннің ең танымал нысандарының бірі- Абылай ханның тағы болып саналады. Ол табиғи түрде пайда болған ақ түсті тас. Мұнда келушілер хан тағын киелі санап, оны жеті рет айналып өтіп жатады. Абылай ханның алаңы ерекше микроклиматымен сипатталатын тірі табиғат ескерткіші болып табылады. Осында күн көзінің ерекше белсенділігі, биологиясы жағынан ультракүлгін сәулелерінің молдығы әсерінен адам ағзасы жасарады деген ұғым қалыптасқан.
Құрылған күні: 09.04.2020 12:07
Жаңартылған күні: 04.05.2020 10:44
Қаралым саны: 2659