Оқжетпес Көкшетау қыратының ең биік жері Көкше жанында орналасқан. Төңірегінің табиғаты көрікті. Гранитті жартастан түзілген, беткейі тік, қарағай, қайың өседі. Әулиекөлдің тұнық айдынында тұрған Оқжетпес жартасы туралы ел ішінде көптеген аңыз-әңгімелер тараған. Шоқан Уәлиханов 15-тен аса аңыз-әңгіме жинақтаған. Сәкен Сейфуллин «Көкшетау» атты лирикалық поэмасында тұтқынға түскен қалмақ қызының қайғылы тағдырын Оқжетпес арқылы суреттейді.
Бағзы заманда қазақ пен қалмақ бір-бірімен жауығып, соғыс буы сарбаздарды ерлікке жігерлендіріп, атақ-даңқ пен жорықтардың елесі ерлерге рух берген заман екен. Хан Абылай осындай бір сәтті жорықтан Бурабайға үлкен олжамен қайтып келген екен. Бір биік жартастың жанына тоқтап, қолға түскен мүлікті молынан және әділетті түрде жігіттеріне үлестіріп берген. Әрбірінің үлесін берсе де, сарбаздардың арасында бітіспес дау-жанжал басталып кетіпті. Даудың себебі - жүзіктің көзінен өткендей көркем, осы жорыкта тұтқынға түскен калмақ қызы болатын. Жағдай ушығып бара жатқан соң хан тұтқын қызды өзіне алдырып: «Сұлуым! Міне, алдыңда бірінен-бірі өткен ержүрек сарбаздарым түгелімен тұр. Қай-кайсына қоссам да әрбірі де соған лайық, сондықтан бүгін саған зор құрмет көрсетіп, жар таңдау құқын саған бердім!» деген екен. Еліктің лағындай дір-дір қаққан қыз түнгі аспандай қапқара тұңғиық көзін бір төңкеріп, канатын қомдаған лашындай бойын тіктеп: «Құдіретті хан ием, көрсеткен құрметіңе рахмет! Таңдау менде болса, сыңарым ең беделді азаматың болсын. Менің мына аппақ орамалым анау жылтыр жартастың ең құзар шыңына ілінсін. Орамалға қай сарбазыңның оғы жетсе, соған өмірлік жар боламын!» - депті. Хан жарлығын орындамақ болып тұра ұмтылған жігіттер белдеріне арқан орап, құзыр шыңның ұшына орамалды тіккен екен. Қайсар қыз сайысты құзар шыңның шоқысына шығып қадағалауға ханнан рұқсат сұрайды. Делебесі қозған сарбаздар жебелерін бірінен соң бірін аспанға атқылағанмен, бірде-бірі нысанаға жетпей, даурығып жүргенде, елінен, жерінен, сүйіктісінен айырылған ару құзар шың басынан Әулиекөлдің көгілдір тұңғиығына қарғып кетіпті. Сол аты аңызға айналған шыңды халық «Оқжетпес» деп атап кетіпті.
Құрылған күні: 09.04.2020 12:05
Жаңартылған күні: 04.05.2020 12:12
Қаралым саны: 13306