«Салт- дәстүрім салтанатым» Наурыз күніне бата беру челленжі

Наурыз мейрамы - көне дәстүр сабақтастығының белгісі саналатын, ұлттық мәдениетіміздің қайта түлеген ерекше мерекесі. Халық арасында бұл мереке ұлттық таным бойынша үйге жыл бойы молшылық пен сәттілік әкеледі деген сенім бар. Төл мерекемізді тойлаудың жаңа дәстүрі қалыптастырылып, оның мазмұнын идеологиялық мәнмен байыту үшін жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі жарияланып, оның әр күні белгілі бір тақырыпқа арналады. 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні. Бұл күн мәдениетті, өнерді және ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналады. "Жауынмен жер көгерер, батамен ер көгерер" деп аталарымыз айтпақшы, бата беру - адал ниет, тілек білдірудің ұлттық дәстүрі. Батаның да түрлері бар. Соның бірі - Наурыз бата. Мұнда наурызнама өткізгендерге, осы күнге арнап «Наурыз көжеге» шақырғандарға, тойда өнер көрсеткен ақын, әнші, балуандарға, тағы басқа өнерпаздарға, жас талапкерлерге ақсақалдар мен әжелер, ел ағалары бата береді. Бата жалпы жұртшылыққа, көпшілікке, бүкіл қауымға, ауылға да беріледі. Наурызда алған батаның орны бөлек болғандықтан, жастар бұл күні үлкендерден бата алуға тырысады. Мұндай батаны «уыз бата» деп дәріптейді. Ақмола облысы мәдениет басқармасының «Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы» КММ-ң қызметкерлері, Зеренді, Біржан сал, Астрахан аудандарының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімдерімен бірлесе отыра «Салт-дәстүрім салтанатым» атты челленж ұйымдастырып өткізді. "Көкшетау қаласының тарихы музейі» КММ-не, «Көкшетау қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-не, іс-шара өткізуге қол ұшын созып, атсалысқандары үшін алғысымызды білдіреміз!