The burial place of the national composer Birzhan Kozhagulov (1832-1897) (bust, stele)

Халық композиторы Біржан Қожағұлұлының жерленген жері (1832-1897 жылдар) (бюст, стела) 0 Халық композиторы Біржан Қожағұлұлының жерленген жері (1832-1897 жылдар) (бюст, стела) 1 Халық композиторы Біржан Қожағұлұлының жерленген жері (1832-1897 жылдар) (бюст, стела) 2


Киелі объекті

1950 жыл

Степняк қаласы, Біржан сал көшесі, ескі зират аумағы

Географиялық координаттары: 52.824013, 70.766780

 

Қазақтың көрнекті халық композиторы, әнші әрі суырыпсалма ақыны Біржан Қожағұлұлының, халық арасында Біржан сал атымен танылған тұлғаның жерленген орны Ақмола облысының Степняк қаласында орналасқан. Бұл объекті өңірдің ең қастерлі тарихи-мәдени және киелі орындарының бірі болып табылады. Ескерткіш қазақтың ұлттық музыка өнерінің XIX ғасырдағы аса көрнекті өкілінің өмірі мен шығармашылығына байланысты және оның есімі халқымыздың рухани мұрасы мен мәдениетінің символына айналды.

Біржан Қожағұлұлы (1834–1897) Көкшетау өңірінде Қожағұлдың отбасында дүниеге келген. Жастайынан ерекше музыкалық қабілетімен көзге түсіп, поэзияны, музыканы, орындаушылық шеберлікті, биік руханият пен еркіндік сүйгіштікті біріктірген қазақ мәдениетіндегі бірегей сал-сері дәстүрінің ең жарқын өкілдерінің біріне айналды. Керемет дауысы, әртістік таланты мен ақындық дарынының арқасында Біржан сал туған өлкесінен тыс жерлерге де кеңінен танылып, халықтың зор құрметіне бөленді.

Біржан салдың шығармашылығы қазақ музыкалық мәдениетінің тарихында ерекше орын алады. Ол ондаған ән шығарып, олардың көпшілігі ұлттық өнердің алтын қорына енді. Оның ең танымал шығармаларының қатарында «Айтбай», «Ләйлім шырақ», «Жанбота», «Теміртас», «Ғашығым», «Бурылтай» және басқа да әндері. Бұл туындылар терең жан сыры мен толғаныспен, бай әуезімен және жоғары көркемдік шеберлігімен ерекшеленеді. Біржан сал өз шығармалары арқылы махаббатты, туған жердің сұлулығын, адамгершілік қасиеттерді, еркіндік пен әділдікті жырлады.

Қазақ мәдениетінің тарихында Біржан сал мен ақын Сара Тастанбекқызы арасындағы әйгілі айтыстың орны ерекше. Бұл айтыс қазақтың ауызша поэзиялық өнерінің ең үздік үлгілерінің бірі ретінде тарихта қалды. Кейіннен осы тарихи оқиға негізінде қазақ музыка өнерінің классикалық туындысына айналған «Біржан – Сара» операсының дүниеге келуіне негіз болды.

Біржан сал қазақ ән өнерінің дамуына зор ықпал етті. Оның шығармашылығы кейінгі көптеген әншілер мен композиторларға өнеге болып, өзіндік мектеп қалыптастырды. Оның өнерін жалғастырушылар мен ізбасарлары қатарында Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ және Сарыарқаның өзге де белгілі өнер қайраткерлері болды.

Біржан сал өмірінің соңғы жылдарын туған жерінде өткізді. Ол 1897 жылы дүниеден өтіп, қазіргі Степняк қаласы аумағындағы ескі зиратта жерленді. Ұзақ жылдар бойы оның жерленген орны халықтың тағзым ететін қасиетті орындарының бірі болып келеді. Мұнда ұлы әнші туралы естеліктер сақталып, оның өмірі мен шығармашылығы жайлы әңгімелер ұрпақтан ұрпаққа кеңінен таралып отырады.

1950 жылы Біржан салдың қабірі басына алғашқы мемориалдық белгі ретінде обелиск орнатылды. 1994 жылы мемориалдық кешенге ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бұрынғы обелисктің орнына мүсінші Т. Досмағамбетовтің авторлығымен жасалған Біржан салдың қола бюсті орнатылды. Композицияда әнші ұлттық киімде, қолында домбыра ұстаған күйде бейнеленген. Оның оң қолының жүрек тұсына қойылуы шығармашылығының шынайылығы мен туған халқына деген сүйіспеншілігін білдіреді. Кешеннің сәулеттік шешімі көрнекті өнер қайраткерінің рухына деген құрметті және ескерткіштің мәртебесін айқындай түседі. 2023 жылы мемориалдық кешенге қайта жаңғырту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде Біржан салдың жерленген жері тарихи-мәдени мұра объекті ретінде қорғалады және Ақмола облысының киелі орындарының қатарында. Жыл сайын бұл жерге зерттеушілер, музыканттар, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, студенттер мен туристер келіп, тағзым етеді. Мемориалдық кешен тарихи жадыны сақтаудың және ұлттық музыка өнерін насихаттаудың маңызды рухани-мәдени орталығы қызметін атқарып келеді.

Біржан салдың жерленген жері қазақ әдебиеті, музыкасы мен дәстүрлі мәдениетінің тарихын зерттеуде ерекше маңызға ие. Ол қазақ халқының рухани байлығын айшықтайтын тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. Бұл киелі орын мәдени мұраны сақтауға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге және ұлттық сананы нығайтуға зор үлес қосады.