М.Габдуллин мүсіні
1915 жылы 2 (15) қарашада Қойсалған ауылында (қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданы) туған.
Ол қазақ биі, Орта жүз қазақтарының көсемдерінің бірі, ірі қолбасшы, Абылай ханның бас кеңесшісі, 18 ғасырдағы қоғам қайраткері Қанай Құттымбетұлының тікелей ұрпағы.
Орта жүздің, Арғыннан тараған қараул руынан шыққан. 14 жасынан қазақтың белгілі жазушысы Сәбит Мұқановтың отбасында өсті.
1935 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Институтты бітіргеннен кейін әскери қызметте болды (1935-1937 ж.ж.)
Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер (1937), «Қазақстан пионерлері» газеті редакторының орынбасары (1938), КСРО Қазақ ғылым академиясының филиалы Тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер (1938), 1938-1946 жылдары - Абай атындағы ҚазПИ-дің аспиранты.
1941-1945 жылдары И.В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия, 3-ші соққы армиясы, Калинин майданы құрамында Ұлы Отан соғысына қатысқан.
1942 жылдың қаңтар-наурыз айларында Новгород облысы, Холм қаласы маңындағы шайқастарда Ғабдуллин басқарған жауынгерлер фашистердің басым күштерімен шайқасып 2 танкті гранатамен шабуылдап, фашистердің көп бөлігін жойып, 12 адамды тұтқынға алды.
Шайқастын бірінде Ғабдуллин қатты жараланды, бірақ майдан даласынан кетпеді. Осы ерлігі үшін Мәлік Ғабдуллинге КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 30 қаңтардағы Жарлығымен Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин орденімен және «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталды.
Соғыстан кейін ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысып, Қазақ КСР ҒА Әдебиет және тіл білімі институтының директоры (1946-1951), Абай атындағы ҚазПИ-дің ректоры (1951-1963) қызметтерін атқарды. Қазақ КСР ҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының фольклор бөлімінің меңгерушісі (1963-1973).
Мәлік Ғабдуллиннің зерттеулерінің негізгіттақырыбы – қазақ халқының батырлық эпосы, халықжырлары, айтыстары, ертегілері, мақал-мәтелдері.
Қазақ әдебиетінің тарихы- көптомдық кітабын дайындап, басып шығаруға ат салысты. Оның «Қазақтың батырлар жыры» атты ғылыми еңбегі 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атанды.
Сонымен қатар Мәлік Ғабдуллин бірқатар көркем әдебиет шығармалардың авторы: «Менің майдандас достарым» (1947), «Алтын жұлдыз» (1948), «Майдан очерктері» (1949) және т.б.
1973 жылдың 2 қантарында дүние салды.
Мүсін 2014 жылы М.Ғабдуллин ауылында орнатылды.