Олжабай Төлебайұлы кесенесі
Олжабай Төлебайұлы (1709-1785) Абылай ханның ту ұстаушысы болып, жоңғарлар мен қытайға қарсы соғыста көзге түскен. Абылай жоңғарлардың қолына тұтқынға түскенде, оны құтқаруда елеулі еңбек етті.
Ол Түркістан медресесінде оқып, арабша, қалмақша жетік білген. Академик Ә.Марғұланның естеліктерінде Олжабай немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы II Екатеринаға хат жазғаны атап көрсетілген. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айтылады.
Академик Ә.Марғұлан батырдың тікелей ұрпақтары туралы зерттеу жүргізгенде белгілі ақын, есімі ұлы бабасының құрметіне қойылған Олжас Сүлейменовті көрсетеді. Олжабайдың әкесі Толыбай Тәуке ханның кезінде би болған, Түркістан үшін қалмақтарға қарсы шайқаста қаза тапқан. Мәшһүр-Жүсіп «Сарыарқаның кімге тиесілі екендігі туралы» атты кітабында Жасыбай мен Олжабай Баянауыл тауларын қайтарған деп жазды. Олжабайды «Орта жүздің рухтандырушысы» деп атап кеткен. Жиені Жасыбай мыңдаған жау әскеріне қарсы адам нанғысыз ерліктің үлгісін көрсетті. Баянауыл тауларының арасындағы әдемі көл оның есімімен аталған.
Олжабай батырдың өмір сүрген кезеңі қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қиын уақыт еді. Сол жаугершілік заманда ол бала кезінен қолына қару алып, ел қорғауға атсалысады.
Олжабай Абылайдың ту ұстаушы батырларының бірі ретінде 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері - Баянауыл баурайындағы қалмақтармен болған шайқас. ОсындаОлжабай жиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, Олжабай Торайғыр көліне өтетін асудың аузында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосыннан келіп тиіседі. Жасыбай осы шайқаста қаза табады. Жау келгенінен хабарланған Олжабай дереу көмекке ұмтылады. Ол қалмақтарды қоршап алып, таудың бір қуысына тығып қойып, қойдай қырады. Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төртуыл Баймұрат батыр: «Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған-құтқаны болса, маған сауғаға бермейсің бе?» - деп, атының сулығынан ұстағанда, Олжабай: «Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ», - деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің құрметіне Жасыбайдын жау күткен асуын Жасыбай асуы, Шойынкөлді Жасыбай көлі атап кетіпті.
Абылай хан оған «Ер Олжабай», «Қу Жарғақ» деген есімдер беріпті. Қу Жарғақ атануы жауларының атқан оғы оған дарымауынан екен. Абылай ханды тұтқыннан босатуға барып, келіссөз жүргізуге қатысуына тіл білетіні септігін тигізіпті.
Оның ұрыс алаңында ерлікпен шайқасқан туы 1937 жылға дейін сақталды. Олжабай батырдың кесенесі Ақмола облысы, Ерейментау ауданында орналасқан.