«Әулиелер ордасы» («Тоғыз әулие»)

«Әулиелер ордасы» («Тоғыз әулие»)



Киелі обьекті

XVI- XIX ғасыр

Географиялық координаттары: 51°36'53.5"N 69°44'29.9"E

 

«Әулиелер ордасы», халық арасында «Тоғыз әулие» деп танылып, Ақмола өңіріндегі ең қастерлі де киелі және тарихи-рухани ескерткіштердің бірі болып саналады. «Тоғыз әулие» зираты Астанадан 150 шақырым жерде Астрахан ауданына қарасты Жалтыр стансасы маңында орналасқан. Бұл жер ерте заманнан Құлан-қыпшақ руының ата-баба қорымы саналып, кейіннен танымалхазіреттер, қажылар, сопылар, діни ұстаздар мен Мекке-Мәдинаға қажылық жасаған тұлғалар жерленген ірі рухани орталыққа айналған.

Осы аумақтағы жерлеу тарихы шамамен XVI ғасырдан бастау алады. Шежірелер мен халық аңыздарына сәйкес, дәл осы кезеңде Сарыарқа жерін Құлан-қыпшақ рулары кеңінен қоныстанып, олардың ата-бабалары Тобыл мен Сібір және қазіргі Ақмола облысының дала аумақтарында көшіп-қонып жүрген. Бұл кезең Қошқарбай батыр және қазақ даласының тарихында маңызды орын алған өзге де тарихи тұлғалардың өмірімен байланыстырылады.

Алғашында бұл жер Құлан-қыпшақтардың рулық қорымы ретінде пайдаланылған. Кейін XVII–XVIII ғасырлардан бастап мұнда белгілі діни қайраткерлер, сопылар, қари, хазіреттер мен қажылар жерлене бастайды. XIX ғасырда некрополь толыққанды рухани орталық ретінде қалыптасып, халық арасында «Тоғыз әулие» атауымен кеңінен танылды.

«Тоғыз әулие» атауы осы жерде жерленген алғашқы тоғыз әулие әрі рухани ұстаз туралы аңызбен байланысты болып келеді. Халық жадында олар терең діни білімімен, тақуалығымен және әділ өмірімен ерекшеленген тұлғалар ретінде сақталған. Уақыт өте келе олардың жанына ислам дінінің өзге де көрнекті өкілдері жерленіп, бүгінде қорым аумағында отыздан астам діни қайраткер мен олардың ұрпақтарының қабірлері орналасқан. Соған қарамастан, тарихи «Тоғыз әулие» атауы бүгінгі күнге дейін сақталып келеді.

Бұл жердің ерекшелігі — мұнда негізінен хазіреттер, қажылар және олардың ұрпақтары жерленген. Аңыз бойынша, олардың әрқайсысы өз шейхының, рухани ұстазының қасына жерленуінқалаған. Сопылық ислам дәстүрінде әулиелер жатқан жер қасиетті саналып, ондай мекенге Алланың нұры мен берекесі түседі деген түсінік бар. Мұндай дәстүрді Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына хандар, сұлтандар, билер мен батырлардың жерленуінен де байқауға болады.

Соның бірі Ақмола округінің аға сұлтаны Ибраһим қажы Жайықбай, Шонтыбай-хазірет. Олардың ішінде, осы уақытқа дейін халыққа белгісіз: Жанбатыр хазірет, Құтан хазірет, Алдажар хазірет, Жантас хазірет, Әлтә хазірет, Мұса хазірет, құранды жатқа білген Шернияз қари, Нұртаза хазірет, Сәдуақас хазірет, Сопы Көпей хазірет, Бақберген хазірет және халық жадында сақталған өзге де діни қайраткерлер жерленген.

Шонтыбай қажы мен Батыр қажы ағартушылық қызметпен айналысып, медреселерде шәкірт тәрбиелеп, ислам білімін таратқан әрі мешіттердің қызметін қолдаған. Олардың Мекке мен Мәдинадағы ғалымдар және шейхтармен рухани байланыс орнатқаны жөнінде деректер сақталған. Бұл қазақ даласының ислам әлемінің ірі рухани орталықтарымен тығыз қарым-қатынаста болғанын көрсетеді.

Белгілі қазақ ақыны әрі ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Шонтыбай қажының қажылықтан оралуына арнап арнайы дастан жазғанболатын. Ақын өз жырында оны Орта жүзге үлгі болған рухани жетекші әрі жоғары діни беделге ие тұлға ретінде сипаттайды. Мәшһүр Жүсіп Шонтыбай қажыны сопылық дәстүрдегі әулиеліктің ең биік рухани дәрежелердің бірі — «Құтб-заман» деп атаған.

«Әулиелер ордасы» тарихында Жақып молланың орны ерекше. Аңыздарға сәйкес, оның тегі Мұхаммед пайғамбардың ұрпақтарынан ру мүшесі болып келеді. Ислам дәстүрінде мұндай әулеттер «ашраф» немесе «қожа» деп аталады. Халық аңыздары бойынша, Жақып бала кезінде Қошқарбай батырдың жоңғарларға қарсы жорығы кезінде құтқарылып, қазақ даласына әкелінген. Қошқарбай батыр баланы оны өз баласындай тәрбиелеп, діни білім алуына жағдай жасаған. Кейін Жақып молла танымал рухани ұстазға айналып, аңыз бойынша тіпті Абылай ханның өзі одан бата алған.

Қошқарбай батыр есімімен де көптеген тарихи аңыздар байланысты. Ол Абылай хан дәуіріндегі белгілі қолбасшылардың бірі болып, қазақ жерін жоңғар және ұранхай жасақтарынан қорғауға қатысқан. Кейбір деректер бойынша, Қошқарбай батырдың өзі де «Тоғыз әулие» маңында жерленген болуы мүмкін. Бұл жайт аталған жердің киелі маңызын одан әрі арттыра түседі.

Жақып молла мен Қошқарбай батырдың ұрпақтары қазақ даласының тарихында маңызды рөл атқарды. Солардың бірі — халық арасында «Бағай-екең» атанған Ақмола округінің соңғы аға сұлтаны Ибраһим қажы Жайықбай. Кенесары хан көтерілісінен кейін ол өзіне қарасты жерлердің отарлық тәуелділігін кейінге шегеруге ықпал етіп, қазақ халқы үшін мектептер мен медреселердің ашылуына қолдау көрсеткен. Сондай-ақ бұл әулетпен XX ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті өкілі Кейкі батырҚошқарбай батырдың аталас ұрпағы болып келеді.

Кеңес дәуірінде хазіреттер мен діни әулет өкілдері қуғын-сүргінге ұшырады. Көптеген қолжазбалар, кітаптар мен діни мұралар жойылып немесе тәркіленіп кеткен. Ұрпақтарының айтуынша, саяси қуғын-сүргін жылдары көне қолжазбалар салынған сандық өртелген болатын. Соған қарамастан, Зияш Алдабергенұлы мен Ғабдіжәлел Сәдуақасұлы қалдырған қолжазба дәптерлердің бір бөлігі сақталып қалған. Бұл мұралар қазақ хазіреттерінің діни білім деңгейі, рухани мәдениеті мен әдеби дәстүрі жөнінде құнды мәлімет береді.

Осы мұраны сақтап жеткізуде 1900 жылы Павлодар Ертіс өңіріндегі Сілеті маңында дүниеге келген Ғабдіжәлел Сәдуақасұлының еңбегі зор болды. Ол араб жазуын меңгерген сауатты адам болған әрі Уфадағы әйгілі «Ғалия» медресесінің түлегі, белгілі ағартушы Зияш Алдабергеновтің шәкірті болған. Бұл медреседе кезінде қазақ зиялылары мен Алаш қозғалысының қайраткерлері де білім алған. Осындай тұлғалардың арқасында хазіреттердің рухани мұрасының бір бөлігі бүгінгі күнге жетті.

Сақталған қолжазбаларда діни өсиеттер, өлеңдер, адамгершілік, әділдік, рухани жауапкершілік пен қоғамдық мәселелері қамтылған. Бұл еңбектер қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды бөлігі болып саналады және XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы Сарыарқа діни қайраткерлерінің дүниетанымын көрсетеді.

«Әулиелер ордасының» киелімәні тек көне қорым болуында ғана емес, халыққа ислам дінін насихаттап, ағартушылықпен айналысқан, рухани құндылықтарды сақтаған тұлғалардың есімімен байланысты болып саналады. Халық түсінігінде олар ерекше рухани қасиетке ие әулиелер ретінде қабылданған.

Көптеген жылдар бойы бұл жерге зиярат жасау дәстүрі жалғасып келеді. Мұнда жерленген әулеттердің ұрпақтары, Қазақстанның әр өңірінен келген зияратжасаушылар және тарихқа қызығушылық танытатын адамдар арнайы келеді. Келушілер Құран оқып, дұға бағыштап, рухани зиярат жасап, бата тілейді. Халық арасында мұндай қасиетті орындарға бару ата-бабамен рухани байланысты нығайтып, жан тыныштығын сыйлайды деген сенім қалыптасқан.

Бүгінде «Әулиелер ордасы» Қазақстанның киелі географиясындағы маңызды объектілердің бірі болып табылады. Сонымен қатар, ол жалпыұлттық маңызы бар киелі ескерткіш ретінде танылып, тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есеп тізіміне енгізілді. «Әулиелер ордасы»  қазақ даласындағы ислам ағартушылық тарихын, ұрпақтар сабақтастығын және әулиелер мен рухани ұстаздарды қастерлеудің көпғасырлық дәстүрін айқын бейнелейді.