Ботағай кесенесі
Ботағай (Бытығай, Татағай) кесенесі - ХІ-ХІІ ғасырдың сәулет ескерткіші. Ақмола облысы, Қорғалжың ауданында Нұра өзенінің сол жағасында орналасқан. 1831-1856 жылдары жазбаша сипат алған бірегей ортағасырлық есік және күмбезді кесене болып саналады. 1862 жылы Ботағай кесенесінің суретін қазақ халқының ұлы этнографғалымы Ш. Уәлиханов салды. Көптеген саяхатшының сипаттауы мен сызбалары бойынша Қазақстандағы сәулет өнерінің көрнекті үлгілеріне жатады.
Оның атауын алғаш рет 1694 жылы Тәуке ханға келген елшілер Ф. Скибин мен М. Трошиндер Ресей картасына түсірді. Ол 20 парақтан тұратын «Қазақ ордасы» деп аталған. Онда Ботағай қаласы Қорғалжын көлі мен Нұра өзені арасындағы жағалауда орналасқан делінген. Бұл жерде Ұлы Жібек жолымен жүретін көптеген керуен жолдары түйісетін.
1762 жылы Петерборда «Императорлық Ғылым академиясының алқалық кеңесшісі Петр Рычковтың шығармасы» атты кітап жарық көреді. Қазақ жерін аралап өткен орыс ғалымы Ботағай туралы мынадай деректерді жазған: «Бытығай - Қорғалжың көліне құятын Нұра өзеніндегі қырғыз-қайсақ ордасындағы ұлы қаланың жұқанасы. Сипаттары бойынша бұл қала он шақырым жерде орналасқан, ал осындағы сарай түріндегі төртбұрышты құрылыстардың үлкендігі соншалықты, үш жүз сажындай болады. Бұл жерде бір мешіт және көптеген қираған тас ғимараттар бар». Тәуке хан өлген соң Бытығай қаңырап бос қалды, оның қирауы жақын болды.
1816 жылы И. Шангин кесенені қарап шығып, оның кескінін суреттеп, ғимарат жоспарына, кесененің қасбетіне қысқаша сипаттама берді. 1825 жылы Сібір және Орынбор шекара шебін Қазақстанға көшіру туралы I Александрдың атына жазған жазбасында алқалық кеңесші Демидов осы ескерткіш туралы былай деп жазып өткен: «Тұзды көлдердің ішінде маңайы 300 шақырым болатын Қорғалжың көлі - ең үлкені. Бұрын Есіл өзеніне ағатын Нұра өзені қазір осы көлге құяды. Жақын маңда осы жерлердің құнарлылығын дәлелдейтін ескі егіндіктің аумағы көрінеді, ал 15 шақырым аймақты алып жатқан әжептәуір сәулет өнерінен хабар беретін көне шаһардың қирауынан пайда болған кірпіш үйінділері бұл елді қаңғырып жүрген көшпенділер емес, білімді, сауатты халық мекен еткенін дәлелдейді».
Бытағай зираты Шоқан Уәлихановтың зерттеулерінде айтылады. Кесене туралы мәлімет Иосиф Кастанье, Леонид Семенов жұмыстарында кездеседі.
1949 жылы кесенені Әлкей Марғұланның жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттей келе, ғалым Татығай (Тотығай, Ботағай) қаласын Нұра өзенінің сол жағалауындағы ірі төбелердің біреуінің орнында деп көрсетіп, оны Каталондық картада (1375) Нұра өзенінің сағасында белгіленген Ахсикент қаласына балаған.