Абылай хан алаңы

Абылай хан алаңы 0 Абылай хан алаңы 1 Абылай хан алаңы 2



Киелі обьекті

табиғи ландшафт

Бурабай ауданы

Географиялық координаттары: 53°05'01.0"N 70°14'05"E

 

Бурабай өңірі ғылыми тұрғыдан алғанда шамамен 5 миллион жыл бұрын бірнеше кезеңнен өткен күрделі тау түзілу процестерінің нәтижесінде қалыптасқан.  Ежелгі замандарда қазіргі Бурабай аумағы алып теңіздің астында жатқан. Уақыт өте келе теңіз түбінде тау жыныстары көтеріле бастады, соның нәтижесінде теңіз біртіндеп тайызданып, кейін толық тартылып кетті. Осылайша гранитті жартастар мен қарағайлы ормандар қоршаған әйгілі Бурабай көлдері пайда болды.

Бурабай жартастарының қазіргі келбеті толықтай мұз дәуірінде қалыптасты. Жел, мұз, температураның күрт ауытқуы және табиғи үгілу процестерінің әсерінен тау жыныстары мыңдаған жылдар бойы мүжіліп, өзіне тән ерекше пішінге ие болды. Табиғат шебер мүсінші секілді гранитті жыныстарды баяу өңдеп, көркем бейнелер қалыптастырды. Бүгінде бұл жартас пішіндері жануарларға, адамдарға және мифтік бейнелерге ұқсайды.           Осы себепті Бурабайды жиі «Қазақстанның Швейцариясы» деп атайды.

           Абылай ханның таққа келу тарихы осы өлкемен тығыз байланысты. Шамамен үш жүз жыл бұрын Көкшетау тауларының етегінде, бүгінгі күні Абылай хан алаңы деп аталатын жерде, болашақ ұлы билеушінің ордасы орналасқан. Биік таулар, қалың орман мен көлдер жаудан табиғи қорғаныс қызметін атқарып, қолайлы стратегиялық аймақ болған. Окжетпес шыңы тәулік бойы бақылау мұнарасы ретінде пайдаланылып, жаудың жақындауын ерте байқауға мүмкіндік берген.

Тарихи деректерге сәйкес, 1734 жылы жоңғарлармен болған жеңісті шайқастардан кейін Абылай хан (туған есімі Әбілмансұр) Орта жүздің ханы ретінде танылды. Сол кезеңде қазақ жерлері жоңғар шапқыншылығының тұрақты қаупінде болды, ал Абылай хан қазақ жүздерін біріктіруде және елді қорғауды ұйымдастыруда шешуші рөл атқарды. Бурабай сол уақытта маңызды саяси және әскери орталықтардың біріне айналды.

Абылай хан алаңы Бурабай өңіріндегі киелі орындардың бірі болып саналады. Халық аңыздары бойынша, дәл осы жерде қазақ билері, батырлары мен ақсақалдары жиналып, маңызды әскери кеңестер өткізіп, мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдаған. Бұл орын халық бірлігін, билеушілер даналығын және қазақ даласының тәуелсіздігі жолындағы күресті бейнелейді.

Абылай хан алаңы — Көкшетау тауының етегінде орналасқан бірегей табиғи-тарихи кешен. Бұл жерге жыл сайын Қазақстаннан және шетелдерден мыңдаған туристер келеді. Келушілерді тек табиғат сұлулығы ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының тарихымен байланысты ерекше рухани атмосфера да тартады.

1991 жылы Абылай хан алаңында еңселі мемориалдық кешен бой көтерді. Оның ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Кешеннің орталық нысаны — биіктігі 35 метр болатын ақ мәрмәр стела. Оның авторы — Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, мүсінші Е. Айтуаров.

Ескерткіштің композициялық орталығы — ашық түсті металдан жасалған сегіз қырлы обелиск. Архитектуралық шешімнің негізіне қазақ жүздерінің бірлігін білдіретін жебелер шоғыры идеясы алынған. Сегіз қырлы обелиск шанырақ түріндегі сақинамен біріктірілген, ол үйдің, отбасының және Отанның символы болып табылады. Ескерткіштің жоғарғы бөлігінде күн мен қыран бүркіт бейнеленген.

Шаңырақ сақинасын қазақ киіз үйінің уықтарын еске түсіретін иілген бедерлі тіректер ұстап тұр. Обелискінің алдыңғы қырларында Қазақстан Республикасы Президентінің штандартының бейнесі орналасқан. Қалған қырлары ұлттық «қошқар мүйіз» ою-өрнегі және дәстүрлі «шашақ бау» элементтерімен безендірілген. Ескерткіш сегіз сатылы дөңгелек тұғырдың үстіне орнатылған, бұл композицияның салтанаттылығы мен айбындылығын айқындай түседі.

Абылай хан алаңы тек тарихи және мәдени ғана емес, сонымен қатар емдік-сауықтыру маңызына да ие. Таза тау ауасы, қылқан жапырақты ормандар, күн сәулесінің мол түсуі және биологиялық белсенді ультракүлгін сәулелердің көптігі адам ағзасына жағымды әсер етіп, денсаулыққа пайдалы. Ежелден-ақ адамдар Бурабайда демалу күш-қуатты қалпына келтіріп, денсаулықты нығайтып, жалпы ағзаның сауығуына оң әсер ететінін атап өткен.

Бүгінде Бурабай мен Абылай хан алаңы Қазақстанның тарихи жадының маңызды символдары болып саналады. Бұл қасиетті өлке табиғаттың ғажайып көркін, халқымыздың рухани мұрасын және қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын өз бойына тоғыстырған.