Қабыл батыр жерленген жері
Киелі объекті
XIX ғасыр
Жарқайың ауданы
Географиялық координаттары: 51°14'00.7"N 66°49'41.4"E
Қабыл батырдың жерленген орны Ақмола облысы Жарқайың ауданының аумағында орналасқан және XIX ғасырдағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысының тарихымен байланысты ескерткіштердің қатарына жатады. Бұл нысан Орта жүздің белгілі батырларының бірі, қазақ жерінің тәуелсіздігі жолындағы күресте Кенесары Қасымұлының басшылығымен белсенді қызмет атқарған Қабыл Бостановтың есіміне қатысты тарихи-мәдени ескерткішболып табылады.
Қабыл Бостанов арғын тайпасының Сайыс руынан шыққан. Ол XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүріп, Кенесары Қасымұлының ең сенімді серіктерінің бірі ретінде тарихта қалды. Қабыл батыр туралы тарихи мәліметтер көрнекті қазақстандық тарихшы Ермұхан Бекмахановтың еңбектерінде кездеседі. Ғалымның 1837–1847 жылдардағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына арналған «XIX ғасырдың 20–40 жылдарындағы Қазақ КСР тарихы» атты монографиясында Қабыл батыр Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтерілістің белсенді қатысушыларының бірі ретінде аталады.
Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліс XIX ғасырдағы қазақ халқының үш жүздің аумағын қамтыған ең ірі қарулы қозғалыстарының бірі болды. Көтерілістің басты мақсаты қазақ жерінің тәуелсіздігін сақтау, дәстүрлі хандық билікті қалпына келтіру және Ресей империясының отарлық әкімшілік жүйесінің дала өңіріне тереңдей енуіне қарсы тұру болды. Қабыл батыр Кенесары ханның әскери кеңесшілерінің бірі болып, әскери жорықтарды ұйымдастыруға және патша әскерлеріне қарсы шайқастарға тікелей қатысқан.
Тарихи деректер мен халық аңыздарына қарағанда, Қабыл батыр ерекше ержүректігімен, батылдығымен және әскери шеберлігімен танылған. Ол сарбаздар арасында зор беделге ие болып, көтерілістің шешуші шайқастарына қатысқан. Сонымен қатар Қабыл батыр Кенесары ханның Қоқан хандығына қарсы жорықтарында да маңызды рөл атқарды. XIX ғасырдың ортасында Қазақстанның оңтүстік өңірлері Қоқан хандығының ықпалында болып, жергілікті халықтан алым-салық жиналған. Қазақ жерлерін азат ету жолындағы күресте Қабыл батыр тәжірибелі қолбасшы әрі ханның сенімді серігі ретінде көзге түсті.
Қолда бар мәліметтер бойынша Қабыл Бостанов Сырдария өзенінің бойында дүниеге келген. Көтеріліс аяқталып, Кенесары Қасымұлы қаза тапқаннан кейін оның көптеген серіктері бұрынғы қоныстарын тастап кетуге мәжбүр болды. Қабыл батыр Солтүстік Қазақстан өңіріне қоныс аударып, кейін қазіргі Жарқайыңауданы аумағындағы Далабай ауылының маңында өмір сүрген.
XIX ғасырдың орта шеніндегі архивтік құжаттарға сәйкес, көтеріліс аяқталғаннан кейін Қабыл батыр Солтүстік Қазақстан аумағында, Көкшетау өңіріне жақын жерлерде тұрған, кейіннен қазіргі Ақмола облысы Жарқайың ауданының аумағына қоныстанған. Қабыл батырдың есімімен байланысты халық арасында сақталған көптеген аңыз-әңгімелер бар. Ел жадында ол туған жерін қорғаған қаһарман, Кенесары ханның адал серігі және халықтың азаттығы жолында күрескен батыр ретінде сақталған. Оның өмір жолы еркіндікке, тәуелсіздікке және халқына адал қызмет етуге деген беріктіктің жарқын үлгісі болып табылады.
Бүгінде Қабыл Бостановтың жерленген орны бұрынғы Далабай ауылының аумағында орналасқан. Кейін бұл ауыл халық батырының құрметіне Қабыл ауылы деп аталды. Батырдың қабірі тарихи жадының маңызды нысаны болып саналады және жергілікті тұрғындар тарапынан XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалыс тарихымен байланысты қасиетті орын ретінде құрметтеледі.
Қабыл батырдың жерленген жері өңірдің маңызды тарихи-мәдени мұра объектілерінің бірі болып табылады және қазақ халқының мемлекеттілігін сақтау жолындағы ерлік күресін еске салады. Қабыл батырдың жерленген жері мемориалдық маңызымен қатар, рухани құндылыққа да ие. Ол ерлік пен отансүйгіштіктің, туған жерге адалдықтың және ұлттық тарихқа құрметтің символы болып табылады. Қабыл батыр туралы тарихи зерттеулер, мұрағаттық құжаттар мен халық жадында сақталған аңыздар оның есімін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, Қазақстанның тарихи мұрасының ажырамас бөлігі ретінде сақталып келеді.









