Едіге би Төлебайұлы мазары
Едіге би Төлебайұлы Орта жүзден шыққан шешен және белгілі қазақ биі. Едіге би XVII ғасырда Төлебай батырдың отбасында дүниеге келген. Ол Тәуке хан тұсындағы билер кеңесінің беделді мүшесі болған.
Жаңатілек ауылдық округі аумағында орналасқан Мұрынтал қонысында орнатылған адам бойынан бір жарым есе биік тасты халық «Едіге бидің тасы» деп атап кеткен. Аңызға сүйенсек, Едіге би осы тасқа отырып, өзінің сот қызметін жүргізген, халықты жоңғар шапқыншылығына қарсы күреске бірігуге шақырған. Халық арасында Едіге би жайында «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешеді» деп айтқан.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Төле би мен Едіге би арасындағы әңгімені өз шежіресінде қысқаша жазып қалдырған. Едіге Төле бидің ауылын көріп: «Әділ бидің елін де, ауылын да дау араламайды, әділ патшаның жерін жау араламайды» деген осы екен-ау», - деп қызығыпты.
Едіге би зираты Ақмола облысы, Ерейментау ауданы, Елтай ауылында орналасқан. Едіги би бейітінің басына тұрғызылған құлпытас Павлодар облысының Баянауыл жерінен әкелінген.