Саққұлақ би мазары

Саққұлақ би мазары 0 Саққұлақ би мазары 1

 


Киелі обьекті

Ерейментау ауданы, Қоржынкөл аумағы, Ерейментау қаласынан 24 км жерде

Географиялық координаттары: 51.649370, 73.360140

 

Қазақ халқының дәстүрлі қоғамында билер- құқықтың, әділдіктің және халық даналығының басты өкілдері болды. Билер сот қызметін атқарып, ең күрделі дауларды күшпен емес, сөзбен шешкен, би үкімдері әдет-ғұрып құқығына (адатқа), өмірлік тәжірибеге және жоғары адамгершілік беделге негізделді. Осындай жүйенің көрнекті өкілдерінің бірі – XIX ғасырдағы атақты би, шешен әрі ойшыл Саққұлақ би (Сәбден) еді.

Саққұлақ би 1800 жылы қазіргі Ақмола облысы Ерейментау өңірінде дүниеге келген. Ол Арғын руының Қанжығалыдан шыққан және аңызға айналған қолбасшы Бөгенбай батырдың шөбересі болған. Әкесі Бапан би де елге танымал, беделді би ретінде белгілі болып, ұлының қалыптасуына зор ықпал еткен. Саққұлақ жастайынан ерекше зеректігімен, есте сақтау қабілеттілігімен, байқампаздығымен, білімге құштарлығымен көзге түскен. Он екі-он үш жасынан бастап әкесінің жанында жүріп, шешендік өнер мен билік айту негіздерін меңгерсе, 15 жасында шағын дауларға төрелік айтып, әділ шешімдерімен жұртшылықтың ықыласына бөлене бастайды.

Оның ақыл-парасаты мен шешендігі жайлы хабар бүкіл Сарыарқа даласына кең тарайды. Жас кезінде  атақты Байдалы бимен сөз сайысына түсіп, нақтылығы мен ой тереңдігі арқылы оны таңғалдырған. Аңыз бойынша, осы кездесуден кейін оған «Саққұлақ» – «тыңдағыш, сақ құлақ» деген ат берілген. Бұл оның мәселенің мәнін терең түсініп, әділ шешім шығара білетін ерекше қабілетін білдіреді.

Саққұлақ би әділдігімен, даналығымен және турашылдығымен  танылған тұлға. Оның шешімдері қысқа да нұсқа болған – халық арасында «екі ауыз сөзбен дауды шешкен» деген сөз қалған. Ол тек төрелік айтушы ғана емес, елді бірлікке шақырып, руаралық қақтығыстарға қарсы тұрған мәмілегер ретінде де танылды.

Оның рухани әрі әдеби мұрасы да аса құнды және баға жетпес қазынасы. Бізге Саққұлақ бидің көптеген шешендік сөздері жеткен: «Шоқанға берген батасы», «Ақыл туралы», «Төрт жамандықтан сақтан», «Ғылым туралы», «Байдалы биге айтқаны», «Мұсаның қазасына байланысты айтқан сөзі», «Бұл бір ғалым еді», «Шыңғысқанға айтқаны» және тағы басқалары. Бұл еңбектерінде ол білім, адамгершілік, әділдік, батылдық және адам өмірінің мәні туралы терең ой толғайды.

Саққұлақ бидің өзгелерден ерекшелендіретін тағы бір қыры – оның сауатты болуы еді. Ол өз нақылдарын ғана емес, өз дәуіріндегі көптеген даналардың сөздерін де қағаз бетіне түсіріп отырған. Соның арқасында ғасырлар бойы ауызша сақталып келген халық даналығының бір бөлігі кейінгі ұрпаққа жетті.

Саққұлақ би өз дәуірінің көптеген көрнекті тұлғаларымен қарым-қатынаста болып, араласқан. Ұлы ғалым әрі ағартушы Шоқан Уәлиханов оның даналық сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа жеткізсе, әйгілі шежіреші, фольклор зерттеушісі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы Саққұлақ биді халық даналығының сарқылмас қазынасын бойына жинаған сирек тұлғалардың бірі деп жоғары бағалаған.

Саққұлақ би туралы халық арасында көптеген аңыздар мен әңгімелер сақталған. Олар оны тек әділ би ғана емес, адам жанын терең түсінетін психолог, тапқыр  шешен, әрі күрделі жағдайдан жол таба білетін тұлға ретінде көрсетеді. Бұл әңгімелерде ол ақиқаттың жақтаушысы, ар-намыстың қорғаушысы және ел мүддесінің жанашыры ретінде бейнеленеді.

Саққұлақ би 1888 жылы дүниеден өттті. Ол артында жеті ұл қалдырған, олардың ішінде Нұралы мен Ералы әке жолын жалғастырып, белгілі билер мен шешен атанды. Оның ұрпақтары да қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына өз үлестерін қосты.

Саққұлақ бидің есімі бүгінгі күні Ерейментау өңіріндегі Қоржынкөл көлінің жағасында орналасқан кесенесі арқылы ұлықталып келеді. Алғашқы кесене шикі кірпіштен тұрғызылып, сегіз қырлы күмбезді үлгіде салынып, аркалы қуыстармен безендірілген. Уақыт өте келе оның бастапқы келбеті өзгергенімен, бұл ескерткіш XIX ғасырдағы қазақ сәулет өнерінің құнды мұраларының бірі саналады. 2000 жылы көне кесененің орнына тарихи жадының жаңғыруын білдіретін жаңа сегіз қырлы күмбезді кесене бой көтерді.

Саққұлақ бидің тарихи тұлға ретіндегі маңызы ерекше. Ол – қазақтың құқықтық мәдениетін, шешендік дәстүрін және рухани құндылықтарын биік деңгейге көтерген ұлы қайраткерлердің бірі. Оның өмір жолы мен қызметі халқымыздың әділдікке, парасатқа және бірлікке негізделген дүниетанымын айқын көрсетеді.

Бүгінде Саққұлақ би әділдік, даналық және сөз құдіретінің символы ретінде қабылданады. Оның өмірі мен мұрасы тарихшылардың, этнографтардың және зерттеушілердің қызығушылығын тудырып келеді. Ал оның нақыл сөздері бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпай, ақиқаттың, білімнің және адамдық қадір-қасиеттің маңызын еске салып отырады.