«Қос бейіт» кесенесі

«Қос бейіт» кесенесі 0 «Қос бейіт» кесенесі 1



Киелі объекті

XVII ғасыр

Ақмола облысы, Жақсы ауданы, Терісаққан ауылы, Терісаққан өзенінің жағасында

Географиялық координаттары: 51.229692, 67.439193

 

«Қос бейіт» кесенесі Ақмола облысы Жақсы ауданының Терісаққан ауылына жақын жерде орналасқан.Обьекті аймақтық маңызы бар киелі ескерткіштердің қатарына жатады және дала өңіріндегі халықтық мемориалдық сәулет өнерінің ең танымал ескерткіштерінің бірі болып табылады.

«Қос бейіт» атауы ескерткіштің сыртқы келбетіне байланысты қалыптасқан. Кешен бір-біріне қатар орналасқан екі мазардан тұрады. Олар кең дала ландшафтында айқын көрініп, қатар жатқан екі қорымды еске түсіреді. Дәл осы ерекшелік ескерткіштің атауына негіз болған.

Кесененің салынған мерзімі шамамен XVII ғасырға жатады. Сәулеттік ерекшеліктері мен жерлеу ескерткішінің сипатына қарай зерттеушілер оны кейінгі ортағасырлық кезеңнің ескерткіштері қатарына жатқызады. Объекті дала өңіріне тән дәстүрлі қазақ жерлеу-мемориалдық мәдениетімен тығыз байланысты. Бұрын кесене орналасқан аумақ осы өңірді мекендеген қазақ руларының көші-қоны мен жазғы жайылымдарының құрамына енген.

Кесене халықтық діни-ғұрыптық сәулет өнерінің көрнекті үлгісі болып табылады. Екі мазар да қабаттап қаланған табиғи тастан тұрғызылған. Құрылыста жергілікті тас жыныстары пайдаланылған. Бұл Орталық Қазақстанның далалық өңірлеріне тән құрылыс тәсілі болған, өйткені табиғи тас сол өңірдегі ең қолжетімді құрылыс материалдарының бірі саналған. Ескерткіш құрылымы қарапайымдылығымен қатар айбындылығымен ерекшеленіп, халықтық сәулет өнерінің дәстүрлі әдістерін көрсетеді. Тас қабаттарын пайдалану нәтижесінде кесене қоршаған дала табиғатымен үйлесім тауып, ұзақ уақыт бойы өзінің тарихи келбетін ұзақ уақыт сақтап қалуына мүмкіндік берген.

Кесенемен байланысты көркем әрі қайғылы махаббат туралы аңыз кең тараған.

Халық аңызы бойынша, бұл өңірде дәулетті әрі беделді бір адам өмір сүрген екен. Оның сұлу, көрікті қызы болыпты. Бір күні мал бағып жүрген кедей жігіт қызды көріп, екеуі бір-біріне ғашық болады. Алайда қыздың әкесі жігітті өз қызына тең көрмей, олардың қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. Соған қарамастан, қос ғашық жасырын кездесулерін жалғастыра береді.

Қызының таңдауымен келіскісі келмеген әке жігіттен құтылуды ойластырады. Аңыз бойынша, оның жасаған зұлымдығының салдарынан жігіт те, қыз да қаза табады. Кейін өз ісінің ауырлығын түсініп, қатты өкінген әке оларды бір жерге қатар жерлеуге бұйрық береді. Уақыт өте келе сол ортақ қабірдің үстіне кесене тұрғызылып, ол «Қос бейіт» деген атауға ие болған.

Халық санасында «Қос бейіт» адалдықтың, кіршіксіз махаббаттың және екі жастың қайғылы тағдырының символына айналған. Жергілікті тұрғындар бұл аңызды байлық пен әлеуметтік мәртебенің шынайы сезімге тосқауыл болмауытиіс екенін насихаттайтын тағылымды оқиға ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Дала тұрғындарының көптеген буыны бұл орынды махаббаттың, адалдықтың және әрбір адамның өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарауының белгісі ретінде қабылдаған.

Бүгінде «Қос бейіт» кесенесі Ақмола облысының киелі объектілерінің бірі болып саналады және тарихи-мәдени мұра ескерткіші ретінде үлкен қызығушылық тудырады. Бұл ескерткіш жергілікті тарихи жадтың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Сонымен қатар тек сәулет ескерткіші ретінде ғана емес, халық аңыздары мен ауызша тарихи дәстүрлердің сақтаушысы ретінде де құнды мәдени мұра болып қала береді.