Үмбетей жырау бейіті
Ерейментау ауданының Қоржынкөл станциясының онтүстігіне қарай, 10 шақырым жерде Мыңшұңқыр деген қорымда орналасқан. 1786 жылы салынған. Үмбетей -жыраулық поэзияның көрнекті өкілі, жалынды жыршы, адуынды ақын, данагөй абыз. Жырау қазақ халқының Жоңғар басқынщыларына қарсы күресте болып, тарихи оқиғаларды нақты жырлаған. Ол халық мүддесі үшін хан көңіліне қарамай, әділ, тура өлеңдер қалдырған.
Үмбетей жырау- дидактикалық поэзияның әйгілі шеберлерінің бірі. Ол жастайынан сөз өнеріне ден қойған. Оның осы жолдағы алғашқы ұстазы - өз әкесі болған. Ол ән өнерін жақсы білген, ел тарихына өте қанық адам болғанға ұқсайды. Сол себепті халық шежірелерінен, шешендік сөздерінен, халық дастандарынан көп тағылым алған.
Үмбетей жырау- елінің қорғаны болған батырларды жырына арқау еткен. "Бөгенбай өліміне", "Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту" атты толғауларында ол Бөгенбай бастаған халық батырларын дәріптеп, қайратты ерлерді ұрпағына өнеге еткен. Жырау Бөгенбай батырдың ерлік бейнесін тамаша өрнектейді. Оны асқар Алатауға теңейді, тегеурінді бүркітке балайды, "Боламшыдай анадан болат тудың, Бөгенбай" деп қастерлейді. Атамекен жаудан қорғап қалған, халқымыздың ұлан-байтақ жерін-Баянауыл, Қызылтау, Абыралы, Шыңғыстау- бүкіл Сарыарқа атырабын қалмақтардан аман алып қалған Бөгенбай батырдың ерлігін сүйсіне жырлайды. Үмбетей:
Қалмақты қуып қашырдың,
Қара Ертістен өткізіп,
Алтай тауға асырдың.
Ақшәуілге қос тігіп,
Ауыр қол жидырып алдырдың,
Қалмаққа ойран салдырдың
-деп, халқына Бөгенбайдың елі үшін жасаған ерлігін атап көрсетті. Жырау тек Бөгенбайды ғана емес, Абылай тұсындағы қолбасшы батырлардың - Қаракерей Қабанбай, Қаз дауысты Қазыбектің, батыр Жәнібектің, Баянның және т.б ерліктерін де өлең жолдарына қосқан.
Сол замандағы батырлардың ерлік істерін барынша толғап, кеңінен жырлап, әдеби образдарын жасап кеткен. Үмбетей жырау шыққан "Ертедегі әдебиет нұсқалары” «Бес ғасыр жырлайды», шыққан «Алдаспан», «Бес ғасыр жырлайды» атты жинақтарда жарияланып, деректеме : Қазақстан, Ұлттық энциклопедия " Тарихи тұлғалар ” 5 том.
Деректеме: Халық ауыз аңызы, өлкетанушы- Әдірешев М.Б.