Шамай батыр жерленген жері

Шамай батыр жерленген жері

Киелі обьекті

XIX ғ.

Ақмола облысы, Сандықтау ауданы,  Құмдыкөл ауылы

Арлан мен Шамай батырлар

 

Арлан мен Шамай батырлар – Арғын тайпасының Қарауыл руының Қылды атасынан шыққан, Сандықтау өңірінің тумалары, Кенесары Қасымұлы бастаған 1837–1847 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің белгілі қатысушылары болған. Сандықтау тарихи-өлкетану музейінің мәліметтері бойынша, ағайынды батырлар XIX ғасырда қазіргі Сандықтау ауданының аумағында дүниеге келген. Ерлігімен, жауынгерлік шеберлігімен және азаттық жолындағы күреске адалдығымен олардың есімдері туған өлкесінен тыс, Солтүстік Қазақстан өңіріне кеңінен мәлім болды.

Шамай батыр Қылды руының беделді өкілдерінің бірі әрі Кенесары ханның ең сенімді серіктерінің қатарынан орын алды. Халықтың естелігінде қайсар мінезді, жүрек жұтқан айбынды жауынгер, асқан батырлығымен танылған, қолбасшылық қабілеті жоғары, ел арасында зор құрметке ие болған тұлға ретінде сақталған. Арлан мен Шамай батырлар көптеген шайқастарда ерекше ерлік көрсетіп, бекіністерді алуға және көтерілісшілер жасағының әскери жорықтарына белсене қатысқан тұлғалар.

Кенесары ханның батырлары қолына қару алып қана күрескен жоқ, сондай-ақ маңызды қоғамдық-саяси міндеттерді де атқарды. Олар қазақ рулары арасында ұлттық бірлік идеясын насихаттап, туған жерді қорғауға, дәстүрлі мемлекеттілікті сақтауға және тәуелсіздік жолындағы күреске үндеген маңызды қоғамдық-саяси міндет атқарды. Өлкетанушылардың деректеріне қарағанда, Көкше өңірін мекендеген Арғын тайпасының Қарауыл руы Кеннесары бастаған көтерлісті қолдап, көтерілісшілермен бірге көшіп-қонып, азаттық жолындағы күреске белсенді қатысты. Осы қозғалыстың жетекшілерінің бірі Шамай батыр болған екен.

Арлан батыр қазіргі Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарасты Қараоба ауылы маңындағы шайқастардың бірінде ерлікпен қаза тапқан.

Халық арасында сақталған аңыз-әңгімелерге сәйкес, Шамай батыр кейіннен дұшпандарының қолынан у беруінен қайтыс болған екен. Бұл мәліметтер батыр ұрпақтары мен Сандықтау ауданының зерттеушілері ұрпақтан ұрпаққа жеткізген ауызша тарихи дәстүрге негізделеді.

Шамай батырдың жерленген орны Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы Новоникольское ауылының маңындағы Маралды орманшылығының көркем табиғатты аймағында орналасқан. Бұл киелі орын ұзақ жылдар бойы батыр ұрпақтары мен жергілікті тұрғындардың тағзым ететін орны болып келеді.

2018 жылы батырдың ұрпақтарының бастамасымен жерленген жеріне құлпытас орнатылып, айналасы абаттандырылды. Ескерткіш белгінің салтанатты ашылуы тарихи жадыны сақтауда және ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қатысушыларының бірі Шамай батырдың есімін ұлықтауда маңызды оқиға болды.

Бүгінде Арлан мен Шамай батырлардың есімдері халық аңыздарында, шежірелерде және жергілікті тарихи әңгімелерде сақталып келеді. Олар Сандықтау ауданы мен Ақмола өңірінің тарихында елге адал қызмет етудің, ерліктің және қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күрестің жарқын белгісі ретінде лайықты орын алады.

Шамай батырдың жерленген орны өңірлік маңызы бар киелі нысандар тізіміне енгізіліп, Ақмола облысының тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала есепке алу тізіміне алынған. Бұл оның тарихи, мәдени және рухани құндылығын айқындап қана қоймай, Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты тарихи жадыны сақтауға және оны келер ұрпаққа жеткізуге қызмет етеді.