Балуан Шолақ діни кешені
(Бұланды ауданы)
Нұрмағамбет Баймырзаұлы (1864-1919) ақын-әнші, халық композиторы, атақты балуан. Балуан Шолақтың азан шақырып қойылған есімі Нұрмағамбет. Ол бала кезінен ән-күйге құмар болып өседі. Жас кезінен ат құлағында ойнаған спортшы болған, шауып келе жатып ат үстінде әртүрлі күрделі жаттығуларды шебер орындаған. Балуан Шолақ ел аралап, салдық құрды және маңына әнші-күйші, балуан, өнерлі жігіттерді жинады. Өзі ұстаз тұтқан Біржан сал, Ақан сері әндерінің тамаша орындаушысы болып, кейін өзі де ән шығарады. Көкшетау, Қарқаралы, Сарысу бойындағы елдерді түгел аралап, Баянауыл, Семейде болады. Арқаның әндерін Жетісуға жеткізді. Балуан Шолақтың «Көкшетау», «Желдірме», «Қос алқа», т.б. әндері бар. Халық арасында кеңінен таралған әндері «Ғалия» мен «Сентябрь» ақынға ерекше даңқ әкелді. Балуан Шолақ 1918 жылы Көкшетау уездік совдеп жұмысына қатысқан деген мәлімет бар. Қазір сол ғимаратта Көкшетау қаласының XX ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші- Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі.
Бұланды ауданында Балуан Шолақ зиратындағы мемориалды стелла 2004 жылы Балуан Шолақтың 140-жыл толу қарсаңына арнап тұрғызылған. Композицияның негізгі жерленген жерінде үйінді тастардан жасалған төбешіктің биіктігі- 2 метр, оның өмірінің бір жағын көрсететін сегіз қырлыдан тұрады. Төбешіктің жоғарғы жағында граниттен жасалған басқыш, үстінде биіктігі-16,7 метр болатын стела-оның кешкен өмірі жайлы және оның батырлығы мен алғырлығын бейнелейтін биіктігі- 3,1 метр мүсін. Стеллада, күш иесінің кескіні-домбырашы, композитор және ру белгісі- күн, жауынгер қоршауының найзасы бейнеленген.
Деректеме: Каратаев Ермек Балташұлы- жергілікті өлкетанушы