Бөгенбай батырдың атымен белгілі объектілер кешені (Бөгенбай батыр стелласы, Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау тарихи-өлкетану музейі, Бөгенбай батыр сөресі)
Бөгенбай батырдың атымен белгілі объектілер кешені
(Бөгенбай батыр стелласы, Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау тарихи-өлкетану музейі, Бөгенбай батыр сөресі)
(Ерейментау ауданы, Степногорск қ.)
Ерейментау ауданындағы барлық объектілер кешені әйгілі Бөгенбай батырдың атымен белгілі. Олардың барлығы облысымыздың рухани әулие жерлері болып келеді.
Бөгенбай батыр сөресі-бұл киелі жер Ақмола облысының Ақсу кентінен шығыс бағытында 18-20 шақырым жерде бұрынғы «Мирный» совхозының орталығы «Бөгенбай» поселкесінің солтүстік жағындағы 4 шақырым жердегі қыратта орналасқан.
1775 жылы Ереймендегі Қоржынкөл басындағы Қанжығалы Бөгенбай батыр ауылы Сілетідегі жайлауға көшіп шығады. Сілеті өзенінің терістігінде ағып жатқан Киікбай өзекшесінен өткен соң Бөгенбай батыр жаппа күркенің ішінде 98 жасында дүние салған екен. Ол кезде хан Абылай іссапармен Омбы жағына кеткен екен. Хан келгенше қарағай бөренелерден биік сөре жасап, мәйітті тұздап, былғарыға орап, сонда сақтайды. Сол жер кейін Бөгенбай сөресі аталады. Қазақ халқын қорғауда батырдың ерен еңбегін ескерген жұрты Абылай ханнан Бөгенбайды «әулиелілер» қатарында есептеп, денесін Түркістанға апарып Қожа-Ахмет Яссаудің ғимараты ауласы ішіне жерлеуге жарлық айтуын сұрайды. Бөгенбайдың өлімін Абылай ханға естірткен Үмбетей жырау былай деп: О, жамағат, жамағат!
Қаз дауысты Қазыбек
Шақшақ ұлы Жәнібек
Қаракерей Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Үшеуі батыр,бірі би,
Тәңірім берген сондай сый
Сол төртеудің біреуі –
Батырың өлді Бөгенбай!- жырлапты.
Батырынан айырылған Абылай хан:
Бәрін айтта ,бірін айт,
Қанжығалы Бөгенбайды айт
Ақылдың жатқан үйін табушы еді, - деп күйініш білдірген екен. Хан халық тілегін орындап, Бөгенбай батыр денесін Түркістанға аттандырады. Басы немере інісі Адай болып, балалары Тұранәлі, Тұрымбет, Арғынбай, Жылқыбай бастаған қырық кісі Бөгенбай батыр мәйітін әулие жатқан ғимараттың ауласына барып жерлеп қайтады.
1991 жылдың мамыр айында Бөгенбай батырдың 300 жылдық мерейтойының қарсаңында бұрынғы Сілеті ауданының партия және атқару комитеттерінің шешімімен Бөгенбай сөресі деп аталған жерде ескерткіш белгі қойылады. Ескерткіш тас Сілеті ауданының солтүстік батысында 74 шақырым жердегі Черняховское ауылының маңынан әкелініпті. Сол жерде кәдімгідей той тойланыпты. Әр ауылдың кигіз үйлері қойылып, концерттік бағдарлама, спорттық ойындар ұйымдастырылыпты. Оның бәрін өткізу ауданның спорт комитетінің төрағасы, осы күні зейнеткер Ғ.Н. Әбеновке тапсырылған екен.
Ескерткіш орнатқанда «Бұл жерде 1775 жылы қазақтың қамал қорғаны болған батыр Бөгенбай қайтыс болған» деген жазуы бар тот баспайтын темірден тақтайша орнатқан екен. Бірақ темір терсектер жинайтын жауыздар бұл тақтайшаны алып кеткен екен.
Кейін 2009 жылы Ерейментау қаласында Бөгенбай батырға ескерткіш орнату қарсаңында аудан әкімінің ұсынысымен батырдың қайтыс болған жері- Бөгенбай сөресінен, оның жерленген жері Түркістандағы Қожа-Ахмет Яссауи ғимараты ауласындағы бейіттен, 1991 жылы Бөгенбай батырға қойылған алғашқы ескерткіш «Үш найза» стеласынан топырақ алдырылып, арнайы капсулаларға толтырылып, ескерткіш табанына түсірілді. Сол топырақты жеткізу Бөгенбай батыр ұрпақтарына жүктелді. Бөгенбай сөресінен топырақты жеткізген Дайыр Жұмабеков ескерткіш тақтайшасының жоғалып қалғанын көріп, ізін суытпай гранит тастан тақтайша жасап, арнайы барып орнатып қайтқан еді.
Бөгенбай батыр стеласы- Бөгенбай батыр стелласы 1991 жылдың маусым айында қала кіреберісіндегі төбешікте орналасқан. Мырышпен қапталған металл құрылымнан тұрады. Далалық ашық жерде тігінен көзге түсе отыра, аспан аясында анық көрінеді. Жоғарыға қарай өрлеген найзалары және оған асылған қалқандары бар үш бөлімді орталық композиция үш жүздің бір күмбез астында жиналғанын бейнелейді. Белгінің жалпы биіктігі- 3,6 м. Стела аудандық партия комитетінің бастамасымен тот баспайтын болаттан жасалған. Үш найзаның біріктіретін қалқандарында жазу жазылған: «Қорған болған еліме, айбар болған жеріме, қойылды осы ескерткіш, бұрын Бөгенбайдай еріме» ХХ ғасырдағы ұрпақтарынан.
Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау тарихи-өлкетану музейі-«Ақмола облыстың тарихи өлкетану музейі» КММ-нің филиалы болып табылады. Музей 1991 жылдың 28 шілдесінде Бөгенбай батырдың 300 жылдығы құрметіне ашылды. 1999 жылы Ереймен еліне Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың келуіне байланысты музейге Бөгенбай батырдың есімі берілді.
Мұражай қоныстаған аумағы -201,6 ш.м. құрайды. Соның ішінде экспозициялық бөлім-116,5 ш.м. қор бөлімі -15 ш.м. құрайды. Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейі 5 залдан тұрады: Палеонтология, археология және аудан табиғаты залы, этнография залы, батырлар залы ,аудан тарихы залы және көрме залы.
2016 жылғы көрсеткіштер бойынша музей экспонаттары 3332 бірлікті құрайды, оның 720 музей экспозициясында орналасқан.
Музей жұмысының негізгі бағыты мен бағдары Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына сәйкес Ерейментау елінің тарихына, материалды және рухани мәдениетіне қатысты мұраларды жинақтау, зерттеу, насихаттау жұмыстарына, сондай-ақ қазақ әскерінің бас қолбасшысы Бөгенбай батырдың ерлік жолдарын халыққа жеткізіп, жастарға патриоттық тәрбие беруге арналған. Музей экспозициясында ежелгі тас дәуірінде Ереймен жерінде табылған тас құралдарынан бастап, қола дәуірі мен тас ғасырының ескерткіштері, қазақ халқының тұрмыс- тіршілігінен сыр шертер 19-20 ғасырға жататын ыдыс-аяқтар, Қанжығалы Бөгенбай батырдың шөбересі Саққұлақ бидің жез легені мен Омбы губернаторы сыйлаған парсы кілемі, сондай-ақ, Бөгенбай батырдың қолданған үзеңгі, төс, тескіш сияқты 300 жылдық тарихы бар құнды бұйымдары сақталған. 1999ж Елбасы Н.Ә. Назарбаев Ерейменге ат басын тіреп, музейдің құрметті қонағы болды. Осы іс сапарындағы Елбасының музейге сыйлаған кілемі мен қолтаңбасы да көпшіліктін назарына ұсынылған. Музей ұжымы жастарды танымдық, отаншылдық рухта тәрбиелеп, түрлі кездесулер, патриоттық сабақтар, конференциялар өткізеді. Музей экспозициясында орналасқан қоғам және діни қайраткерлерінің, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, ақын-жыраулардың елге сіңірген еңбектерін, ғылым мен білімге қосқан үлестерін баяндап, келушілерге танымдық ақпарат береді
Деректеме:халық аузынан естіген аңыз. Авторлары -Мох Яков, Тихонов Николай, Прищепин Юра.