Батыр Олжабай Төлебайұлы (1709-1785). Абылай ханның ту ұстаушысы болып жоңғарлармен қытайға қарсы соғыста көзге түскен. Абылай жоңғарлардың қолына тұтқынға түскенде, оны құтқаруда елеулі еңбек етті. Ол Түркістан медресесінде оқып. арабша, қалмақша жетік білген. Академик Ә.Марғұланның естеліктерінде Олжабайдың немере інісі Едіге бимен бірге 1762 жылы ЕкатеринаII хат жазғаны атап көрсетілген. Хатта патшайымнан Ертістің шығыс жағындағы қалың орманнан жайылымдық жер сұрағаны айтылады. Олжабайдың өз қолымен жазып қалдырған қара кітабы болған. Онда соғыстар жайлы әңгімеленіп, Қазыбек би, Абылай,Бөгенбай есімдері жиі аталады.
Олжабай батырдың өмір сүрген кезеңі қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған қиын уақыт еді. Сол жаугершілік заманда ол балакезінен қолына қару алып, ел қорғауға атсалысады. Ол жоңғарлардың қолына түсіп қалған Абылайды құтқаруға көмегін тигізеді. Олжабай Абылайдың ту ұстаушы батырларының бірі ретінде 1735 жылы Түркістан мен Ташкентті жоңғарлардан азат ету жорығына, 1736 жылы Баянауылды Қалдан Сереннен босатқан шайқастарға, 1756 жылы қазақ жеріне басып кірген қытай әскерін талқандауға қатысқан. Оның ерлігінің ерекше көрінетін жері - Баянауыл баурайындағы қалмақтармен болған шайқасы. Осында Олжабайжиені Жасыбаймен бірге қалмақтардың жолын тосып жатады. Жасыбай жасағымен Шойынкөлге өтетін асудың аузында, ОлжабайТорайғыр көліне өтетін асудың аузында жатып, жау қолын күтеді. Бұлардың жол тосып жатқанын қалмақтар да біліп, қапысын тауып, Жасыбай қолына тосыннан келіп тиіседі. Жасыбайосы шайқаста қаза табады. Жау келгенінен хабарланған Олжабайдереу көмекке ұмтылады. Ол қалмақтарды қоршап алып, таудың, бір қуысына тығып қойып, қойдай қырады. Сонда Олжабайдың сұсын көрген жолдасы Төртуыл Баймұрат батыр:«Енді сен дем ал, мұнда саған қарсы келер ешкім қалған жоқ. Қалған-құтқаны болса, маған сауғаға бермейсің бе?» - деп, атының сулығынан ұстағанда, Олжабай: «Жасыбайдың бір бармағының да құны толған жоқ», - деген екен күрсініп. Кейін халық қапыда кеткен есіл ердің құрметіне Жасыбайдын жау күткен асуын Жасыбай асуы, Шойынкөлді Жасыбай көлі атап кетіпті.
Абылай хан оған «Ер Олжабай», «Қу Жарғақ» деген есімдер беріпті. Қу Жарғақ атануы жауларының атқан оғы оған дарымауынан екен. Ұрыстарда көрсеткен ерліктеріне разы болған Орта жүздің ханы Әбілмәмбет оған алтын сапты қылышты сыйға тартады. Олжабай батыр Абылай ханның мемлекетті орталықтандыру саясатын қолдап, соған көп үлесін қосады. Түркістан медресесінде оқып, арабша хат таныған Олжабай Толыбайұлы қалмақ тілін де жақсы меңгерген екен. Абылай ханды тұтқыннан босатуға барып, келіссөз жүргізуге қатысуына да осы тіл білетіні септігін тигізіпті.
Дата создания: 09.04.2020 12:06
Дата обновления: 04.05.2020 12:14
Количество просмотров: 2430